
Астанада қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің кеңейтілген кездесуінде өзара іс-қимылдың жаңа форматтары, әйелдер бастамаларын қолдау және олардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін күшейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара әйелдер бағыты бойынша жұмыс істейтін түрлі құрылымдардың күш-жігерін біріктіру аясында өтті. Негізгі мақсат – ресурстарды, тәжірибе мен бастамаларды тоғыстырып, әйелдердің шешім қабылдау үдерісіне атсалысуын және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруын тиімді арттыру.
Кездесуді ашқан Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан өз сөзінде негізгі қағидат – алауыздықтан бірлікке көшу мәселесін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, түрлі институттардың өзара ықпалдастығы әйелдерді қолдау, олардың әлеуетін дамыту және қоғамдық-саяси үдерістерге араласуын кеңейту бағытында нақты нәтиже береді.
Кездесу барысында қатысушылар өз идеяларын таныстырып, басым бағыттарды айқындап, жүзеге асырылған жобалардың нәтижелері жайлы ой бөлісті. Негізгі назар әйелдердің көшбасшылығы, шешім қабылдауға атсалысуы және олардың кәсіби әрі қоғамдық дамуына жағдай жасау мәселелеріне аударылды.
«Әрқайсыңыздың өз тәжірибелеріңіз, жобаларыңыз және жетістіктеріңіз бар. Біздің міндет – бәсекелесу емес, бір-бірімізді күшейтіп, ортақ бастамалар қалыптастыру», – деді Назгүл Мақжан.