Астанада жаңа тартымды орындар қай тұстарда ашылады

Астанада жаңа тартымды орындар қай тұстарда ашылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан ашылатын тартымды орындар туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордамызды ауқымды түрде абаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қалада қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру жұмысы басталды. Мәселен, соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.

Абаттандыру барысында көгалдандыруға ерекше назар аударылады.

«Мыңжылдық» аллеясында жұмыс бірден үш маңызды кеңістікте басталады: Қуанышбаев атындағы театр алдында орналасқан гүлзар, теміржол вокзалы маңындағы парк, «Нұрлы жол» вокзалының аумағы. Бұл – ұзындығы 4 шақырымнан асатын ірі желілік саябақты қалыптастырудың алғашқы кезеңі. Ол болашақта қаланың негізгі орындарын біртұтас жаяу жүргіншілер осіне біріктіреді.

Сол сияқты Төле би көшесінен Әнет баба көшесіне дейін, Күлтегін көшесінен Айтматов көшесіне дейінгі Greenline жаяу жүргіншілер желекжолын (2-кезек) абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Мұнда ойын және спорт алаңдары, тоғандар жүйесі және басқа да нысандар қарастырылады.

Өзгерістер негізгі магистральдарды да қамтиды: Қалдаяқов, Кенесары көшелері, сондай-ақ Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Момышұлы және Ұлы Дала даңғылдары.

Негізгі назар – жаяу жүргіншілер аумағында: кедергісіз орта, көгалдандыру және сапалы қоғамдық кеңістіктер.

Есіл өзені бойымен үздіксіз жаяу жүргіншілер бағытын қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ «Бейбітшілік және келісім» саябағын жаңа Конгресс-орталық бағытына қарай (2-кезек), «Қалалық романс» саябағын (2-кезек) абаттандыру жұмысы жүргізілуде және т.б. Сонымен қатар Кіші Талдыкөл аумағында эко-саябақты абаттандыру жұмысы басталады.

Сондай-ақ «Тұлпар» сауда үйі жанындағы, №119 мектеп маңындағы, Пушкин көшесіндегі, Сәтбаев көшесі мен Момышұлы даңғылының қиылысындағы гүлзарлар абаттандырылады. Сол сияқты Момышұлы даңғылы, Құдайбердіұлы көшесі, Қошқарбаев даңғылы және т.б. аумақтар қамтылады. Бұл жұмыс елорданың барлық ауданында жүргізіледі», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.