Елордалық гимназияда «Мектеп омбудсмені» жобасы іске қосылды

Елордалық гимназияда «Мектеп омбудсмені» жобасы іске қосылды

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық №6 гимназияда «Мектеп омбудсмені» жобасы іске қосылды. Бағдарлама прокуратура және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Сарыарқа ауданы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Тархан Закариннің айтуынша, жобаның мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін нығайту, құқықтық санасын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді тетігін құру.

«Мектеп омбудсмені – балалар мен ересектер арасындағы байланыстырушы буын. Бала әрдайым өз қиындығын мұғаліміне немесе ата-анасына айта бермейді, мұндай жағдайда сенім артуға болатын, қолдау көрсетіп, көмек бере алатын құрбы-құрдастың рөлі маңызды. Мектепте омбудсмен институтын енгізу буллингтің және басқа да жағымсыз құбылыстардың алдын алып, білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Тархан Закарин.

№6 гимназияның алғашқы омбудсмендері ретінде жоғары сыныптың бес оқушысы таңдалды.

«Адамның бәрі әртүрлі болғандықтан, олардың арасында жиі келіспеушіліктер туындайды. Ал біз мектепте әрдайым жақсы көңіл-күй орнағанын қалаймыз. Бұл – біздің мақсатымыз. Мектеп парламентінің Instagram парақшасында біздің аккаунттарымыз бен байланыс нөмірлеріміз жарияланған. Біз әрдайым жауап беріп, қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді мектеп омбудсмені Лера Солод.

#законипорядок #заңментәртіп