
Астанада «Бала жүрегі – өнер әлемі» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Іс-шара балалар мен олардың ата-аналарына арналып, шығармашылық арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шеберлік сағаты 1 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамның хабардылығын арттыру, ерекше балаларға қолдау көрсетуге және олардың әлеуметтенуіне жағдай жасау.
«Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында бүгінгі таңда ерекше білімді қажет ететін 150-ге жуық бала қатысуда. Оның ішінде 30-ға жуық бала аутизм ерекшелігіне байланысты түрлі үйірмелерге қатысып, спорт, шығармашылық және ғылыми-техникалық бағыттарда қосымша білім алып жүр. Мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, балалардың әлеуметтенуіне ықпал етеді», – дейді Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының әдіскері Гүлзира Оспанова.
Шеберлік сағаты барысында балалар киізден (фетрден) түрлі әшекейлер дайындады. Балаларға бұл процесс өте ұнады, олар қызығушылықпен қатысып, бір-бірімен идея алмасып отырды. Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың айтуынша, мұндай жұмыстар олардың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, өзіне деген сенімділігін арттыруға және шығармашылыққа деген қызығушылығын оятуға ықпал етті.
«Мен – аутизм диагнозы бар баланың анасымын, ұлым 13 жаста, диагноз 3 жаста қойылған. Содан бері әртүрлі үйірмелерге қатысып жатыр, қазір спортқа басымдық беріп отырмыз. Оның ішінде осы оқушылар сарайында жеңіл атлетикаға қатысып жүр. Бұдан басқа бассейн, велосипед, ролик, шаңғымен айналысады. Мұндай шаралар қоғамдық өмірге белсенді араласуға, жаңа бағыттарды меңгеруге көмектеседі», – деді ерекше баланың анасы.
Астана қаласында инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелерінде инклюзивті кабинеттерде логопедтер, дефектологтар, психологтар, бейімделген дене шынықтыру (АФК) мамандары, музыкалық ырғақ нұсқаушылары, сурдопедагог пен тифлопедагогтар жұмыс істейді.
Мұндай бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Қатысушылар үшін бұл күн тек шығармашылықпен шектелмей, өзара түсіністік, қолдау және шабыт алаңына айналмақ. Іс-шара соңында балаларға мектепке арналған сөмкелер табысталды.