
30 наурызда атап өтілетін Халықаралық қалдықсыз күн аясында және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында елордадағы Экохабта ашық есік күні өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара экологиялық өмір салтын насихаттауға және қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи тәсілдеріне арналды.
Қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, қайта өңдеу процесін іс жүзінде көрді.
Яғни, пайдаланылған пластиктің жаңа әрі пайдалы бұйымдарға қалай айналатыны көрсетілді. Мамандар қалдықтарды сұрыптау бойынша қызықты шеберлік сабағын өткізіп, бөлек жинау қағидалары мен қайта өңдеуге дайындау тәртібін жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ қатысушыларға күнделікті өмірде қоқыс көлемін азайтуға көмектесетін қарапайым эко-әдеттер туралы айтылды. Олардың қатарында көп рет қолданылатын сөмкелерді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және саналы тұтыну бар.
«Мен алғаш рет қарапайым пластик бөтелкелердің пайдалы заттарға айналатынын көрдім. Бұл күн сайын қанша қоқыс тастайтынымызды ойлануға және әрқайсымыз экология үшін не істей алатынымызды түсінуге мүмкіндік береді», – деді шара қонақтарының бірі.
Мұндай бастамалар қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жауапты тұтынуды насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, әр адамға табиғатты қорғаудағы өз рөлін сезінуге мүмкіндік береді.