
Бүгін Астана қаласы Байқоңыр ауданының тұрғыны, 103 жастағы тыл ардагері Анна Григорьевна Дегтярева өз шаңырағында дауыс берді.
Анна Григорьевна 1924 жылдың 10 желтоқсанында Калинин ауданына қарасты Новодонецк ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, небәрі 15 жасынан бастап сауыншы болып жұмыс істеген. Балалық шағында анасына көмектесіп, егіс алқаптарында еңбек етіп, өнім жинауға қатысқан.
Ол 50 жасында көпбалалы ана ретінде зейнетке шыққан. Өмірге 6 қыз әкеліп, ұрпақ тәрбиелеген ардақты ана бүгінде үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналған. Қазіргі таңда оның 5 қызы, 16 немересі және 40 шөбересі бар.
2018 жылдан бері Анна Григорьевна Астана қаласында тұрып келеді.
Ғасырдан асқан ғұмырында елмен бірге талай тарихи кезеңдердің куәсі болған тыл ардагері бүгін де ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық белсенділігін танытты.