
Астанада «Наурызнама» онкүндігінің игі істерге арналған екінші күні Достық үйінің белсенділері «Тазалық эстафетасы» қайырымдылық акциясын өткізді. Олар Көктал шағын ауданындағы зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бір реттік акция емес, мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
«Көктем мерекесі – Наурыз қарсаңында зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалап жүрміз. Бұл – жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі іс-шарамыз. Осылайша қарияларымызға құрметімізді білдіреміз. Егде жастағы адамдарға қамқорлық жасап, көмек көрсету – біздің парызымыз. Волонтерлер әртүрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері болғанымен, барлығын адамдарға жақсылық жасауға деген ниет біріктіреді», – деді Достық үйінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Динара Орынбасар.
Зейнеткерлер жастарға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтты.
«Біз алғаш рет осыдан жеті жыл бұрын танысқан едік, ол кезде күйеуім қатты ауырып жатқан. Содан бері бұл жігіттер маған да, көршіме де көмектесіп келеді. Қар күреп, бақшамызды тазартады.
Оларға өте ризамын.
Жарайсыңдар! Өскелең ұрпақ жақсы тәрбиеленген екен», – деді зейнеткер Анна Хоменко.