Наурызнама-2026: Астанада Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне орай спектакльдер, көрмелер мен концерттер өтеді

Наурызнама-2026: Астанада Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне орай спектакльдер, көрмелер мен концерттер өтеді

«Наурызнама» мерекелік онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні Астанада мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған қойылымдар, көрмелер, түрлі көрсетілімдер мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұлттық академиялық кітапханада сағат 11:00-де «Ұлттық құндылық – ұлттық болмыс» атты кітап көрмесі ашылады. Оның мақсаты – оқырмандарды қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыру, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге деген құрметін арттыру. Көрмеде халқымыздың ұлттық дүниетанымы, салт-дәстүрі мен рухани мұрасына арналған еңбектер ұсынылады. Атап айтқанда, көрме сөрелерінде «Салт-дәстүр сөйлейді», «Армысың, әз Наурыз», «Көктем», «Қош келдің, Наурыз», Б. Дүнгенбайдың «Жаңа дәстүр, жаңа салт», Б.Қасымханның «Дәстүр», Нұролла Ғазизованың «Көктем көңілі», сондай-ақ «Дәстүрлі атаулар», «Қазақтың бата-тілек» атты кітаптар қойылады.

17 наурызда «Жастар» сарайының концерт залында «Наурыз. Жарық күші» атты театрландырылған музыкалық қойылым өтеді. Жас көрермендерге көктемге арналған музыкалық ертегі ұсынылады.

Театрландырылған-цирктік жоба – жай ғана спектакль емес, заманауи технологиялар мен Ұлы даланың көне аңыздарын ұштастырған ғаламдық тепе-теңдік туралы ауқымды сахналық туынды. Іс-шаралар «Жастар» сарайының сахнасында мынадай кесте бойынша өтеді: 16 наурыз – сағат 11:00-де орыс тілінде, 14:00-де қазақ тілінде; 17 наурыз – сағат 11:00-де қазақ тілінде, 14:00-де орыс тілінде.

«Руханият» КММ «Дәстүр – ұлт қазынасы» атты ашық сабақ ұйымдастырады. Іс-шара мекеме тарапынан қала тұрғындарына арналған ересектер курстары аясында қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімді тереңдетуге бағытталған. Ашық сабақ салт-дәстүрлердің білімдік, рухани және мәдени маңызын ашып көрсетіп, ұлттық мұраны сақтау мен таратуға ықпал етеді.

19 наурызда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді насихаттауға арналған «Мәдениет күні – шынайы дәстүр кеңістігі» атты мерекелік іс-шара өтеді. Бағдарлама аясында қонақтар қазақ халқының рухани құндылықтарымен танысып, ұлттық өнер, музыка мен дәстүр арқылы Наурыздың ерекше атмосферасын сезіне алады.

Сағат 19:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры көрермендерді «Жас Абай» тарихи драмасына шақырады. Қойылым ұлы ақынның жастық шағы, оның тағдырына әсер еткен оқиғалар мен махаббат туралы баяндайды. Спектакль барысында қазақтың белгілі композиторларының әуезді шығармалары орындалып, театрдың дарынды актерлері өнер көрсетеді.
16 наурызда Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығында Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұйымдастырған ұлттық қолөнер көрмесі ашылады.

Орталықта ұлттық қолөнер үйірмесі жұмыс істеп тұр, қазіргі уақытта оған шамамен 80-ге жуық егде жастағы адам тұрақты түрде қатысады. Олар кілем тігудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, табиғи жүннен шынайы картина, матадан сөмке мен жастық тігуді және басқа да қолөнер түрлерін үйренген. Осы жұмыстардың барлығы Damu Mall-дағы көрмеде ұсынылады. Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шеберлері ұлттық өнерді жаңғыртып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында белсенді еңбек етуде.

Сонымен қатар осы күні №1 Өнер мектебінде «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!» концерті, балалар көркемсурет мектебінде «Туған жерім» атты сәндік-қолданбалы өнер бойынша XXII республикалық байқау, ал №2 Өнер мектебінде «Менің дәстүрім – қасиетті қазынам» атты іс-шара өтеді.

16 наурыз күні сағат 14:00-де Астана әкімдігінің «Tanym» көпфункционалды кешенінде «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Оған қалалық Білім басқармасының өкілдері, Нұра ауданы әкімдігінің қызметкерлері, аудан мектептерінің басшылары, сондай-ақ №1 және №2 өнер мектептерінің оқушылары мен педагогтері қатысады.

Концерттің мақсаты – ұлттық дәстүрлерді, Наурыз мейрамының рухын насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, шығармашылық ұжымдардың өнерін таныстыру. Көрермендерге ұлттық және заманауи музыкалық шығармалар, ән-күйлер, би және вокалдық нөмірлер ұсынылады. Сахнада өнер мектептерінің оқушылары мен ұстаздары өз өнерлерін ортаға салады. Іс-шара басталар алдында қонақтарға бауырсақ, қымыз, құрт сияқты ұлттық тағамдар ұсынылады. Бұл өнер мен ұлттық дәстүрді тоғыстырған, достық пен бірлікті дәріптейтін ерекше мәдени шара болмақ.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аудан зейнеткерлерінің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады.

Елордадағы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты танымдық сағаты өтеді.

Қатысушыларға ұлттық дәстүрлердің мәні мен құндылығы туралы айтылып, ата-баба дәстүрін сақтау арқылы халықтың мәдениеті, тілі мен ұлттық болмысы сақталатыны түсіндіріледі.

Сондай-ақ осы күні қала көшелерінде «Наурыз жылуы» акциясы аясында «Астана жастары» еріктілері елорда тұрғындарын шай мен бауырсақтан дәм татқызады.

Ал «Бауырсақ біріктіреді» акциясы Есіл өзенінің жағалауындағы Кенесары хан ескерткішінің маңында өтеді.