Астаналық мектепте жас каратэшілерге белбеу табыстау рәсімі өтті

Астаналық мектепте жас каратэшілерге белбеу табыстау рәсімі өтті
Елордадағы №20 мектепте киокушинкай каратэмен айналысатын жас спортшыларға арналған белбеу табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара спортты дамыту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және салауатты өмір салтын насихаттау жоспары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты жиынға қоғам қайраткерлері, спорт қауымдастығының өкілдері, блогерлер және тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты. Рәсім барысында жас каратэшілерге жетістіктері мен тынымсыз еңбегі үшін белбеулер табысталды.

«Каратэшілер әр алты ай сайын дайындық деңгейін арттыру бойынша аттестациядан өтеді. Бүгін марапаттау рәсімін ата-аналар мен қонақтардың, өзге спортшылардың қатысуымен салтанатты форматта өткізуді жөн көрдік. Мұндай шаралар балаларды дамуға, шеберлігін арттыруға және жоғары нәтижелерге ұмтылуға ынталандырады», – деді киокушинкай каратэ жаттықтырушысы Абдулла Сейтбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың өзіне деген сенімін, жауапкершілігін және спорттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастырып, жаттықтырушы мен тәрбиеленуші арасындағы байланысты нығайтады.

«Бүгін каратэден көк белбеу алдым. Салтанатты рәсім маған ерекше қуаныш сыйлады, бұл күн жадымда ұзақ сақталады. Мұның бәрі жаттығуды жалғастырып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады», — деп әсерімен бөлісті рәсімге қатысушы Аслан Әбілдинов.

Мерекелік көңіл күй мен көрермендердің қолдауы бұл күнді жас каратэшілер үшін ерекше есте қаларлық етті.