Астанада сот жүйесінің тиімділігі артып келеді: өткен жылдың қорытындысы жарияланды

Астанада сот жүйесінің тиімділігі артып келеді: өткен жылдың қорытындысы жарияланды
Астана қаласында Сот әкімшілігінің департаменті 2025 жылдың қорытындысы бойынша сот қызметін ұйымдастыру, сот практикасын талдау, сот актілерін орындау және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Оспанов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, ережеде нақты бекітілген талаптарға сәйкес және қорытынды кеңестердің шешімдері негізінде биылдан бастап сот бөлімдері судьялардың басшылығы мен бақылауымен сот практикасына жүйелі түрде талдау және қорыту жүргізуге міндеттелген.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша бөлім тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 12 ай ішінде 5 кеңейтілген пленарлық отырыс, 10 жалпы жиналыс, қалалық сот базасында 5 дөңгелек үстел, 2 қорытынды кеңес және 15 аппараттық кеңес өткізуге практикалық әрі ұйымдастырушылық көмек көрсетілді», – дейді ол.

Оның сөзінше, бөлім өз бетінше және судьялармен бірлесіп 32 жоспарлы талдау мен қорыту жұмысын жүргізген. Сонымен қатар, 2025 жылы судьяларға арналған 52 семинарлық сабақ өткізуге практикалық және әдістемелік қолдау көрсетілген. Бұл сабақтардың 12-сі азаматтық істер бойынша, 18-і әкімшілік істер, 11-і қылмыстық істер, тағы 11-і әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соттарға арналған.

Сот актілерін орындау бағытында да нақты шаралар қабылданған.

«Атқару парақтарын негізсіз қабылдамау немесе қайтару, сондай-ақ қылмыстық айыппұлды ауыстыруға қатысты ұсынымдарды уақытылы енгізбеу фактілері бойынша салыстырып тексеру жүргізу жөнінде хаттамалық шешім қабылданды. Бұл жұмысқа Сот әкімшілігі департаменті, әділет органдары, прокуратура және жеке сот орындаушылары тартылды», – деп атап өтті Қанат Оспанов.

Оның мәліметінше, 2025 жылы соттар мәжбүрлеп орындау үшін тікелей жолдаған 47 434 атқару парағының 4 447-сі немесе 9,4 пайызы қабылданбаған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға жақсарған. Негізсіз қабылданбаған атқару парақтары бойынша кінәлі сот орындаушыларын заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары қолданылған.

Халықаралық құқықтық көмек пен мемлекеттік қызмет көрсету саласында да жұмыстар жүргізілген. Аталған кезеңде бөлімге шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы 197 тапсырма келіп түскен, ал елорда соттары шетелдік соттарға 56 тапсырма жолдаған. Сондай-ақ сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі 128 өтініштің барлығы қанағаттандырылған.

«Ахуалдық орталықтың деректеріне ерекше назар аударылып, процестік мерзімдердің сақталуына күнделікті мониторинг жүргізіледі. 2024 жылмен салыстырғанда бұзушылықтар саны 3,9 пайызға азайып, 171 факті тіркелді», – дейді спикер.

Оның ішінде процестік мерзімдерді сақтау талаптарын бұзу – 81, сот актілерін уақтылы енгізбеу – 62, сот отырыстарының уақытылы басталмауы – 28 жағдайды құраған.

Анықталған бұзушылықтар судьялар мен сот қызметкерлерінің қатысуымен өтетін жедел кеңестерде қаралып, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, департаментке келіп түскен өтініштер саны да айтарлықтай азайған. 2025 жылы 245 өтініш тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 558 болған.

Тараптарды СМС арқылы хабарландыру мәселесінде де оң динамика байқалады. 2025 жылы бұл бағытта 28 ғана бұзушылық анықталған, ал бір жыл бұрын олардың саны 788 болған. Сондай-ақ, сот отырыстарын себепсіз кейінге қалдыру көрсеткіші де едәуір төмендеп, жылдың соңына қарай 802 жағдайға дейін қысқарған.

«Жалпы алғанда, қабылданған шаралар сот қызметінің ашықтығын арттырып, процестік тәртіпті нығайтуға оң әсерін тигізіп отыр», – деп түйіндеді Қанат Оспанов.