Астанада қар күреу жұмысына үш мыңға жуық жол жұмысшысы жұмылдырылды

Астанада қар күреу жұмысына үш мыңға жуық жол жұмысшысы жұмылдырылды

Астанада қыс маусымы басталғалы бері қар тазалау жұмысы тәулік бойы жүргізіліп келеді. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген, ауысымдық режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қаладан қар полигондарына 2 470 ауыр жүк көлігі рейсімен 34 мың текше метрден астам қар шығарылды.
26 желтоқсан таңынан бастап қар тазалау жұмысына шамамен үш мың жол жұмысшысы және 1 626 арнайы техника жұмылдырылды.

Жалпы қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 88 764 жүк көлігі рейсімен 1 158 872 текше метр қар шығарылған.

Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету ПИК пен МИБ-тің міндеті екенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қолайлылығы мен қауіпсіздігі үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша мұқият болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.