Астанада «Esirtkisiz Elorda: тәуелділіксіз болашақ идеясы» жобасының финалы өтті

Астанада «Esirtkisiz Elorda: тәуелділіксіз болашақ идеясы» жобасының финалы өтті

Астанада оқушылар мен студенттер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Esirtkisiz Elorda: тәуелділіксіз болашақ идеясы» жобасының финалы өтті. Іс-шараны қала әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қалалық «Esirtkisiz Elorda» жобасы және «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Медиа және ақпараттандыру бөлімінің басшысы Анара Мырзабаеваның айтуынша, жоба жастар арасында салауатты, қауіпсіз әрі саналы ортаны қалыптастыруға бағытталған.

«Бұл жоба жыл сайын өткізіледі. Негізгі мақсат – нашақорлықтың алдын алу бойынша жастар бастамаларын қолдау», – деді ол.

Финалда мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарынан іріктелген қатысушылар өз идеяларын ұсынды. Жобалар есірткіге тәуелділіктің алдын алу, кәмелетке толмағандарды профилактикалық іс-шараларға тарту және дайын шешімдерді дереу іске асыру мүмкіндігімен ерекшеленуі тиіс болды.

Астана қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы бағалау талаптарын түсіндірді.

«Басты талап – нашақорлықтың алдын алу бойынша ең тиімді идеяны анықтау. Ұсынылған жобалар ертеңнен бастап қолдануға дайын, қаржылық шығынды қажет етпейтін және жастарды барынша қамтитын болуы керек.

Биыл жыл басынан бері 1200 құқық бұзушылық анықталды, 470 килограмм есірткі тәркіленді, оның 50 килограммы - синтетикалық заттар», – деді Әлия Қибатқызы.

Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Әсет Гелманов жастарға үндеу жасап, жобаның маңыздылығын атап өтті.

«Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бүгінгі жастардың батыл ойлары мен жаңа көзқарастары бізге үлкен үміт сыйлайды. Әрбір ұсынылған жоба – жас буынның өз ортасын қауіпсіз етуге шынайы талпынысы. Егер біз бірлесіп әрекет етсек, есірткісіз, жарық болашақ құра аламыз», – деді ол.

Финал қорытындысы бойынша жүлдегер атанған қатысушылар Астана қалалық полиция департаментіне және әкімдікке шақырылып, жобаларын мүдделі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ қатысатын отырыстарда таныстырады. Ұйымдастырушылар бұл идеяларды елорданың білім беру ұйымдарында енгізуге қолдау көрсететінін атап өтті.