
Астананың Сервис және туризм колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік слесарь – 2025» байқауы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған байқауды «Үздік» жобасы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен биыл алғашқы рет ұйымдастырып отыр.
«Арнайы орта оқу орындарында бірнеше жылдан бері «Үздік» жобасы ұйымдастырылып келе жатыр. Ал соның аясында биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай алғаш рет «Үздік слесарь – 2025» байқауы жарияланып, бүгін техникалық қызмет көрсету мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің ішінен үздік автослесарьді анықтаймыз.
Ондағы мақсатымыз – жастардың жұмысшы мамандықтарға, қоғамда аса көңіл аударыла бермейтін, дегенмен өте қажетті кәсіптерге деген қызығушылығын арттыру, сол арқылы осы мамандықты игеріп жатқан жастарға мотивация беру, қолдау. Мұндай мамандардың қоғамға қажет екенін көрсету», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Жұмахан Дәуіржан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Сервис және туризм колледжінен бөлек, Құрылыс-техникалық колледжі мен Политехникалық колледжі студенттері қатысты. Сақадай сай дайындалған он сайыскер дәлдік, ұқыптылық және техникалық тапсырмаларды шешу қабілеттерін көрсетті.
«Мен Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курсында автослесарьлікке оқып жатырмын. Бала кезімнен темір тұлпарға әуес болғаннан кейін және оған икемім болғасын, осы мамандықты таңдадым. Өз күшіммен грантқа түстім, қазір сабағымды беске оқып, жоғарылатылған стипендия аламын. Маған автокөліктің ақауын табуда диагностика, компьютермен жұмыс істеген ұнайды», – дейді байқау қатысушысы Нұртілеу Боранбай.
Айта кетейік, Сервис және туризм колледжінде бүгінде 61 студент автокөлік слесарі мамандығы бойынша оқып жатыр. Жалпы, колледжде 8 түрлі мамандық оқытылады.