
Астанадағы №36 мектепте Сарыарқа ауданы колледждерінің студенттері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына арналған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ойынның ұйымдастырушысы – QORGAU заңгерлер мен медиаторлар интеллектуалдық клубы. Шара Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Турнирге заң саласы және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жүрген жеті студенттер командасы қатысты.
QORGAU клубының жетекшісі Ботагөз Игенбаева клубтың негізгі мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған алаң қалыптастыру екенін атап өтті.
«Құқықтық білім әр адамға қажет екенін көріп отырмыз. Бұл тек болашақ заңгерлер үшін емес. Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, тіпті мектепке дейінгі ұйымдар да құқық негіздерін түсінуге тиіс. Мысалы, жоғары оқу орындарында адал сессия дегеніміз – студенттің емтиханды өз күшімен, парасыз және қысымсыз тапсыруы. Мұндай білім қоғамда жемқорлыққа орын жоқ мәдениетін қалыптастырады», – деді ол.
Ботагөз Игенбаеваның айтуынша, интеллектуалдық ойын – клубтың 2020 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан кең ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Осы уақыт ішінде QORGAU командасы цифрлық және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жобаларды іске асырып, жастарға арналған түрлі оқыту іс-шараларын өткізіп келеді.
Спикердің айтуынша, ойынға қызығушылық жылдан-жылға артып отыр.
Биыл қатысуға 14 команда өтінім берген, алайда іріктеу кезеңінен кейін финалдық ойынға ең мықты жеті команда өтті. Турнирге дайындалған сұрақтар Қазақстан Республикасының заңнамасы, жемқорлыққа қарсы халықаралық тәжірибе және адал мінез-құлық этикасына қатысты болды.
Барлық команда ойын ережелерімен алдын ала танысып, дайындалуға мүмкіндік алған. Қатысушылардың пікірінше, әрбір азамат мамандығына қарамастан, заңның негізгі нормаларын біліп, қандай әрекеттің құқық бұзушылыққа жататынын түсінуі тиіс.
Командалардың өнерін ауданның қоғамдық және білім беру ұйымдарының өкілдерінен құралған қатаң қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының мүшесі, «ProЯвись» шығармашылық мектебінің жетекшісі Дана Базанова бағалау критерийлерін түсіндірді.
«Сенімді сөйлеу мен сауатты презентация – жетістіктің жартысы. Мен қатысушылардың тақырыпты қаншалықты меңгергеніне, дәлел келтіре алуына және сұрақтарға жауап беру қабілетіне назар аударамын. Ең бастысы – саспай, өз позицияңды сенімді қорғау», – деді ол.
Сарапшы бұған дейін де осындай іс-шараларға қатысқанын және студенттердің дайындығының деңгейі өзіне жағымды әсер қалдырғанын айтты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай интеллектуалдық ойындар тек эрудицияны сынап қана қоймай, студенттерді қоғамда жиі кездесетін нақты құқықтық мәселелерді талқылауға тартуға мүмкіндік береді.