Астанада волонтер әжелер мектеп оқушыларына арнап қолөнерден шеберлік сабағын өткізді

Астанада волонтер әжелер мектеп оқушыларына арнап қолөнерден шеберлік сабағын өткізді

Астанада Дүниежүзілік волонтерлер күні қарсаңында Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының еңбек терапиясы бағытындағы ерікті әжелер Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушыларына шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сабақ барысында әжелер қолөнер материалдарын пайдаланып, жаңа жылдық сәндік ойыншықтар жасауды үйретті. Сондай-ақ оқушыларға көркем еңбекке қажетті құралдарды дұрыс қолдану және жұмыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндірілді.

Балалар «Ақ қала» мен жаңа жылдық шырша жасау технологиясымен танысып, өз қолдарымен сурет салып, бояп, жаңа жылдық ойыншықтарды әсемдеді.

Шеберлік сабағы өте қызықты өтті, оқушылар белсенді қатысып, өздері үшін тың дүниені меңгерді.

Қолөнер сабағының соңында мектеп әкімшілігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әжелеріне алғысын білдіріп, білім ордасына жиі келіп, тәжірибелерімен бөлісіп тұруды өтінді.