Астананың Байқоңыр ауданында орналасқан Кирпичный елді мекені газбен қамтамасыз етілді. Енді бұл аумақтағы тағы 255 үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Газ беру рәсіміне Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
«Кирпичный» – негізінен өнеркәсіптік аймақ, мұнда жеке үйлердің пештері жағылып, жиі түтін шоғырланып қалатын. Газдандырудың арқасында экологиялық жағдай едәуір жақсарып, ауа сапасы тазарады. Жергілікті тұрғындарды осы қуанышты оқиғамен құттықтаймын. Астана енді толық газдандырылған қала деп айта аламыз. Жалпы 255 үйге табиғи газ жеткізіледі, қосылу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Қазірдің өзінде 15 үй қажетті құжаттарын алды», – деді Талғат Рахманберді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатовтың айтуынша, Кирпичный алабын газдандыру үшін ЖЭО-1-ден жоғары қысымды 18 шақырымдық газ құбыры тартылған.
255 үйді газбен қамту үшін қажетті қысымды тұрақты ұстап тұратын екі шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.
«Газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 5 мың текше метрден асады. Газға қосылу үшін төрт құжат қажет: жеке куәлік, техникалық паспорт, жер актісі және үйдің меншік құжаттары. Өтінішті eGov арқылы онлайн беруге болады», – деді Қымбатов.
Сонымен бірге Астанадағы «QazaqGaz Aimaq» филиалының тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік қызметі бар. Мамандар тұрғындарға тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін де үнемі түсіндіріп отырады.
«Біз бұл күнді ұзақ күттік. Міне, ақыры келді! Өте қуаныштымыз, енді газбен тамақ дайындаймыз», – деді газға алғаш қосылған үйдің тұрғыны Гүлдана.
Айта кетейік, Астананы газдандыру 2019 жылы басталды. Жеке үйлермен қатар, жылу электр орталықтары да көгілдір отынға көшірілді. 2025 жылдың басында «Family Village» тұрғын алабы газдандырылды, ал Республика күніне орай Тельман тұрғын алабы газ жүйесіне қосылды. Қазір елордада ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, сондай-ақ «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ қазандықтары табиғи газбен жұмыс істеп, жылу мен ыстық су өндіреді.
