Астана қаласындағы «Damu Mall» сауда орталығында қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің қатысушылары салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бұл – үлкен финал алдындағы шешуші сәттің бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетейік, биыл «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алған екі балуан Астана қаласының намысын қорғайды. Олар – Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшайықов.
Бұл спортшылар елорда төрінде өткен республикалық турнирге іріктеу жарысы – «Астана Барысы» қалалық турнирінде жеңімпаз атанып, ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған болатын.
Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жадыра Жақып турнирдің мәні мен маңызына тоқталып өтті.
«Қазақстан Барысы» – ұлттық рухты асқақтататын, қазақтың батырлық болмысын дәріптейтін бірегей жоба. Биылғы турнир Республика күні қарсаңында өтіп отыр. 43 балуан өз өңірінің намысын қорғап, ел абыройы үшін бозкілемге шығады. Салмақтары – 91 мен 167 келі аралығында. Қазақ күресіндегі «Күш атасын танымайды» деген қағида дәл осы додада айқын көрінеді. Жеребе ашық түрде, тікелей эфирде өткізіледі. Кім мықтыны бозкілем анықтасын», – деді ол.
Аталған айтулы дода Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Турнирге еліміздің барлық облысы мен ірі қалаларындағы іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар өткен жылғы «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев пен «Әскер Барысы» сайысынан екі спортшы додаға қосылады. Биыл бозкілемге шығатын жалпы қатысушылар саны – 43 балуан.
18 қазан күні сағат 12:00-де Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін финал – нағыз ұлттық спорт мерекесіне айналмақ. Еліміздің ең мықты балуандары бозкілемде белдесіп, жанкүйерлерге тартысты сәттер сыйлайды.
Турнир жеңімпазы «Қазақстан Барысы-2025» атағын иеленіп, ел мақтанышы саналатын «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге. Билеттер ticketon.kz сайтында сатылады.