Астанада AULAFIT жобасының жазғы маусымы аяқталды

Астанада AULAFIT жобасының жазғы маусымы аяқталды

Елордада әлеуметтік-спорттық AULAFIT жобасының жазғы маусымы аяқталды. Жабылу рәсімі «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің ауласында өтіп, ұйымдастырушылар ересектер мен балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жазғы маусым ерекше мерекелік іс-шарамен түйінделді. Балаларға аниматорлармен ойындар, түрлі сайыстар мен шоу бағдарламалар ұсынылды.

Жобаның ұйымдастырушыларының бірі Айтжан Мусин AULAFIT тек спортты дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтынын атап өтті.

«Жобаның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту. Көбірек адам спортпен айналысса дейміз. Мысалы, осы ауланың тәжірибесінен дұрыс бағытта келе жатқанымызды түсіндік. Бұл жерде жаз бойы кішкентай балалардан бастап қарттарға дейін көп тұрғын жаттығуға шықты. Ең үлкені – 86 жаста, ол да бәрімен бірге бірдей жаттығып жүрді», – деді ол.

Бірнеше жыл ішінде AULAFIT елордалықтардың алғысына бөленді. Жаз бойы астаналықтар ауладағы ашық жаттығуларға қуана қатысты.

«Өзім қатыса алмадым, бірақ жаз бойы жаттығуларды бақылап жүрдім. Жұмыс кестем мүмкіндік берген жоқ, бірақ бұл жобаны өте маңызды деп есептеймін. Маусым соңында ұйымдастырушылар аулада нағыз мерекелік шара өткізді, бұл тұрғындардың көңілін одан әрі көтерді», – деді тұрғын Жанар.

AULAFIT маусымы маусымнан қыркүйекке дейін жалғасып, 30 аулада өтті. 3 жастан 80 жасқа дейінгі 5000-нан астам тұрғын кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен тегін спортпен айналысты.

Жаттығулар аптасына алты күн жүргізілді. Бағдарлама жас ерекшеліктеріне қарай бейімделіп, жалпы дене дайындығы, гимнастика, фитнес-йога, командалық ойындар, футбол, волейбол және ауладағы ойын-сауық түрлерін қамтыды. Барлық сабақтар жоғары білімі бар мамандар – мектеп пен университет оқытушылары жүргізді.

Жобаның ерекшелігі – спорт пен экологияны ұштастыруында. Жаттығудан кейін қатысушылар республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында аулаларды тазалауға шықты.