Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша айлық өтіп жатыр.
Оны елордалық Полиция департаменті мен прокуратура жүзеге асыруда. Кеше құқық қорғау органдары қызметтік иттің көмегімен қалаға кіреберісте жүргізушіден есірткі заттарын анықтады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Түнгі уақытта «Күйгенжар» блокбекетінде Астанаға келген автокөлік тоқтатылды. «Корона» есімді қызметтік ит тексеру кезінде тыйым салынған заттардың бар екенін білдірді.
Тексеру барысында жүргізушінің шұлығынан есірткі заты салынған түйіншек табылды. Алдын ала деректер бойынша, алынған зат синтетикалық есірткі – альфа-PVP екені анықталды.
Жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны белгілі болды. Күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан бері елордада қызметтік иттердің көмегімен 170-ке жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілген, оның ішінде 30-ға жуық дерек есірткіге қатысты. Бельгиялық овчарка «Корона» туғанынан бері құқық қорғаушылар сапында қызмет етіп, бірнеше қылмыстың ашылуына үлес қосқан.
Естеріңізге сала кетейік, есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Егер осындай деректер белгілі болса, дереу «102» нөміріне хабарлаңыз.
Астанада өткізіліп жатқан есірткіге қарсы айлық секілді шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына және қоғамдық қауіпсіздікке төнген өзге де қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға маңызды үлес қосады.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар кешені бірлескен рейдтерді, оқу орындарында профилактикалық әңгімелер өткізуді, сондай-ақ тыйым салынған заттар тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын қамтиды.