Астанада Амфитеатр сахнасында «Ата заң – азат елдің арқауы» атты ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай мерекелік концерт өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік концертте елге танымал эстрада жұлдыздары Қайрат Баекенов, Маржан Арапбаева, DOS тобы, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Зарина Божакова, Нұрбол Балапанов, Тұрар Төлеутай және Мәди Сыздық өнер көрсетіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Кештің хедлайнері ALEM болды.
Айтулы датаға арналған концерт Отанға деген сүйіспеншілікті көрсетуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналды.
«Біздің мақсатымыз Конституция күнін ерекше атап өтіп, халқымызға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлау болды. Ән мен музыканың көмегімен ел ішіндегі бірлік пен татулықты сезіндіру өте маңызды. Жалпы осындай мерекелік кештер халықты бір ортаға біріктіріп, елге деген құрмет пен мақтаныш сезімін арттырады. Өнер арқылы патриоттық рух оянып, жұрттың еліміздің тарихы мен тәуелсіздігіне деген жауапкершілігі арта түседі. Менің ойымша, мұндай шаралар елді біріктіретін рухани көпір іспетті. Амфитеатр әрдайым көрерменге толы болады, бүгінгі кеш те соны тағы бір дәлелдеді», - дейді «Жастар» сарайының имидж және коммуникация бөлімінің басшысы Ділназ Мұрат.
Елорда тұрғындары мен қонақтары мерекелік концертті жоғары бағалады.
Айта кетейік, Конституцияның 30 жылдығына орай, елордада мерекелік, спорттық, мәдени және танымдық іс-шаралардың тұтас легі ұйымдастырылуда. Бағдарламада турнирлер, дәрістер, құқық сабақтары, концерттер, фестивальдер және тағы басқа көптеген іс-шара бар.