Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын қолдау мақсатында және Stop Musor жобасы аясында елордадағы Қарасу өзенінің жағалауында сенбілік өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Stop Musor жобасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты — халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру, жауаптылық пен қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ қалалардағы қоқыс деңгейін азайту.
Экосенбілік республикалық «Таза Қазақстан» акциясын қолдау үшін ұйымдастырылып, еліміздің Конституциясының 30 жылдығына арналды.
Шараны ұйымдастырушылар – «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, Астана қаласының әкімдігі және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы.
Негізгі мақсат – тек Қарасу өзені маңын қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру.
«Бүгінгі сенбілік ұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп, Конституцияның 30 жылдығына арналды. Экологиялық саналы көзқарас қарапайым қадамдардан басталады – қалдықтарды сұрыптау, сенбіліктерге қатысу. Бүгін Астана жастары осы жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін көрсетті. Біз үшін мұндай шаралар бір реттік емес, дәстүрге айналып, қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін қалыптастырғаны маңызды», – деді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan