Елорданың Алматы ауданында абаттандырылған екі аула салтанатты түрде ашылды

Елорданың Алматы ауданында абаттандырылған екі аула салтанатты түрде ашылды

Елорданың Алматы ауданында К.Рысқұлбеков көшесіндегі 16/1 және 16/3 мекенжайларында жаңартылып, абаттандырылған аулалар салтанатты түрде ашылды. Жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жөндеуден өткен аулалардың ашылуына тұрғындар, аудан әкімдігінің өкілдері мен мердігер ұйымдар қатысты.

Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболаттың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы әрбір тұрғынға өз көшесінің, ауласының, шағын ауданының дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – бұл тұрғындардың абаттандыру бойынша өз идеяларын ұсынуға болатын жоба. Бұл – бюджет қаражатының бір бөлігін бөлуге азаматтардың тікелей қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тетік», – деді ол.

Аулаларда ауқымды жұмыс атқарылды: шағын сәулет нысандары, балаларға арналған ойын алаңдары орнатылып, гүлзарлар мен ойын алаңдарындағы жабындар ауыстырылды, футбол және баскетбол алаңдары жөнделді, жаңа спорттық нысандар мен автотұрақ орындары, сондай-ақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлініп, ашық ауада жаттығуға арналған заманауи workout-аймақ салынды.

«Бүгін біз тұрғындардың бастамасымен іске асырылып жатқан жобалардың аясында екі ауланы ашып отырмыз. Апта соңына дейін тағы бірнеше нысанды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Астана қаласы бойынша 15 аула абаттандырылады, барлық жұмысты қала күніне дейін аяқтауды көздеп отырмыз», — деді Мақсат Тасболат.

Оның айтуынша, 2025 жылға арналған бағдарламаға қатысу үшін 123 өтінім түскен. Сараптамалық кеңестің қарауынан кейін олардың 107-сі дауыс беру кезеңіне өтті, ал 15 жоба ғана іске асыруға жіберілді.

«Мен – «ДОСТАР-3» тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындарының бірімін. 2012 жылы үйіміз енді ғана тапсырылып жатқанда, аулаға балалар алаңы орнатылған. Бірақ өткен 12 жыл ішінде ол ескіріп, жаңартуды қажет етті. Аула абаттандыру бағдарламасына қатысу мүмкіндігі үшін әкімдікке өте ризамыз. Бұл бастама шын мәнінде ашық өтті: тұрғындар жобаларын өздері ұсынды, өздері дауыс берді. Бірлесе отырып. заманауи әрі функционалды алаңға ие болдық. Жұмыстың жеделдігі мен сапасына арнайы алғыс білдіремін. Алаң өте жақсы – «комфорт-плюс» деңгейінде. Мұнда түрлі жастағы балалар ойнап, жасөспірімдер спортпен айналыса алады, сол сияқт егде жастағы адамдар демалып, уақытын жайлы өткізе алады», — деп әсерімен бөлісті тұрғын Гүлнара Мукушева.

Еске сала кетейік, Астанада биыл 170 - ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын үй алаптарын қамтиды. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталған.