Астанада «Балалар – біздің бақытымыз» атты мерекелік концерт өтеді

Астанада «Балалар – біздің бақытымыз» атты мерекелік концерт өтеді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанадағы қалалық алаңда ерекше балалардың қатысуымен жарқын мерекелік шоу өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары 1 маусым күні қала әкімдігі алдындағы алаңда өтетін «Балалар – біздің бақытымыз» концерттік бағдарламасына шақырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара сағат 10:00-де басталады. Сахнада Сарыарқа ауданының қолдауымен «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қорының шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар көңілді атмосфера жасап, ерекше қойылымдар дайындап отыр.

Сонымен қатар, көркемөнер мектебі мен UNICEF Қазақстан ұйымының бірлесуімен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әлем балалардың көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өтеді.

Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін «Демалыс променад» аумағында концерт, шеберлік сабақтары, ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысатын спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Көрермендер үшін ән, би және тосынсыйларға толы бағдарлама дайындалған.