Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордадағы №6 қалалық емханада «Ана жүрегі» акциясы өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара елордада 12 жылдан бері өткізіліп келеді және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың басын қосады.
Акцияның мақсаты – тек мерекелік көңіл-күй сыйлау ғана емес, сонымен қатар ерекше балалары бар отбасыларға нақты көмек көрсету.
Биыл балалар өз өнерлерін ортаға салды, ал қатысушылар үшін дәрігерлер мен мамандардың кеңестері, тегін медициналық тексерулер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды және демеушілер атынан сыйлықтар табысталды.
«Мереке шынымен де жүрекке жылы әрі ерекше көңіл күйде өтті. Осындай іс-шара ұйымдастырған жандарға алғыс айтамыз. Әсіресе аналарға тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін үлкен рахмет. Бұл өте маңызды қолдау болды», - деді ата-аналардың бірі.