
Елорданың басты қаржылық құжатына еңгізілген жаңа өзгерістер туралы Қоғамдық кеңес отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндады.
Жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға өсіп, 4,2 трлн теңгені құрады.
Экономиканың белсенді дамуы мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық түсімдердің 28,8%-ға немесе 550,8 млрд теңгеге өсуін қамтамасыз етті. Алайда корпоративтік табыс салығын төлеушілердің бір бөлігінің республикалық бюджетке берілуіне байланысты түсімдердің негізгі өсімі республикалық бюджет бойынша тіркеліп, 147%-ды немесе 535 млрд теңгені құрады.
Жергілікті бюджет бойынша салықтардың жиналуы өткен жылғы нақты базаға шаққанда 110,1%-ды құрайды. Осыған байланысты ағымдағы нақтылау барысында тек 12,4 млрд теңге көлеміндегі жоспардан тыс салықтық емес түсімдерді пайдалану жоспарлануда.
Бюджеттің тиісті теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы төлемдер бойынша операциялық шығыстардың өсуін ескере отырып, оңтайландыру жұмыстары негізінен даму бюджеті бойынша жүргізілді.
Қосымша шығыстарға бөлінген қаржыландырудың жалпы көлемі 71,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 54 млрд теңгеден астам қаражатты әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және субсидиялауға бағыттау жоспарлануда.
Мектептердегі балалар санының 33 мыңнан астам балаға өсуіне байланысты әлеуметтік сала шығыстарының едәуір бөлігі – 14,7 млрд теңге білім беру жүйесіне бағытталады.
Аталған қаражат оқытушылардың еңбекақысын төлеуге, орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыруға, оқулықтар сатып алуға, жаңа сыныптарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ оқушылардың қосымша білім алуына жұмсалады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында да әлеуметтік қызметтер алушылар санының өсуі байқалады. Осыған байланысты 5 мыңнан астам мүгедектігі бар адамды және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 29 мың азаматты қолдауға 5,8 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Автобус парктерін қосымша субсидиялауды қамтамасыз етуге 15 млрд теңге көзделген. Жылыту маусымына дайындық шеңберінде отын сатып алуға 8 млрд теңге көлемінде шығын қарастырылған.
Аумақтарды күтіп-ұстауға және дамытуға 19,5 млрд теңге бағытталады.
Елорда бюджетіне енгізілген өзгерістер бюджет шығыстарын кіріс бөлігінің нақты қолжетімді мүмкіндіктерін, стратегиялық даму басымдықтарын, қабылданған міндеттемелерді және қызмет алушылар санының өсу динамикасын ескере отырып, теңгерімді бөлуге мүмкіндік береді.
Осылайша, елорда бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 490 млрд 674 млн теңгеге жетеді. Оның ішінде өз кірістерінің үлесі шамамен 90%-ды құрайды.