
Мәслихаттың кезекті отырысында әлеуметтік салаға, абаттандыру жобаларына, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымға қосымша шығыстар бөлу мәселесі қаралды. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндады.
Айжан Түгелбаеваның айтуынша, қаланың әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін қосымша 47 млрд теңге қажет болды. Халықты қамтудың артуы мен жан басына шаққандағы қаржыландыру шығыстарының өсуінен бөлек, аталған қаражат шеңберінде әлеуметтік және медициналық мекемелерді жөндеу және жарақтандыру, дәрі-дәрмек сатып алу, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және басқа да бірқатар бастамалар көзделген.
Қаланың белсенді түрде салынуы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға, субсидиялауға, жолдарды жөндеуге және абаттандыру саласындағы жобаларға қосымша қаржыландыруды талап етеді. Бұл мақсаттарға жалпы 46 млрд теңге қарастырылған.
Айжан Түгелбаеваның сөзінше, «қалалық ортаның жайлылығы және аумақтық даму» бағыты бойынша қала аудандарының аумақтарын абаттандыруға, санитарлық тазалауға және көгалдандыруға, оның ішінде ЛРТ-ның жекелеген станцияларын қамти отырып, аудан әкімдерінің аппараттарына қосымша 18,3 млрд теңге бөлінеді.
Жалпы, жүргізілген нақтылауды ескере отырып, жергілікті бюджеттің жиынтық шығыстары шамамен 1,5 трлн теңгеге жетеді (нақты айтқанда 1 трлн 483 млрд теңге).