Мәслихаттың кезекті сессиясында 2026–2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары және елорданың 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді.

   Мәслихаттың кезекті сессиясында 2026–2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары және елорданың 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді.

Бүгін Астана қаласының әкімі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлының қатысуымен мәслихаттың кезекті сессиясы өтті, онда 2026–2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары және елорданың 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді.

Бірінші мәселе бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары Глотов Евгений Сергеевич баяндама жасады.

Евгений Сергеевич атап өткендей, мәлімделген проблемалар мен даму мүмкіндіктерін ескере отырып, біз цифрландыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға басымдық беріп отырмыз.

Халықаралық тәжірибе мен жетекші рейтингтік агенттіктердің ұсынымдарын ескере отырып, Астананы дамытудың негізгі көзқарасы елорданың бірыңғай цифрлық контурын құру, қалалық сервистер мен ақпараттық жүйелерді біртұтас экожүйеге біріктіру болып табылады.

Даму жоспарының негізгі бағыттары ретінде экономикалық бәсекеге қабілеттілік, адами капиталдың сапасы және қалалық ортаның жайлылығы айқындалды.

Болашақ экономикалық даму моделінің негізін қазірдің өзінде халықаралық рейтингтік агенттіктердің зерттеулері аясында Астанаға жоғары бағалар әкеліп отырған өнеркәсіптік, медициналық, туристік, көлік-логистикалық және финтех кластерлер құрайтын болады.

2030 жылға дейін елорда экономикасына 26 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл ретте жыл сайынғы туристік ағынның өсуін ескере отырып, жалпы өңірлік өнім 30 трлн теңгеге дейін ұлғаюы тиіс.

Адами капиталдың сапасын арттыру бағыты бойынша білім беру деңгейін көтеру, медициналық көмектің тиімділігін арттыру және әлеуметтік қолдаудың нысаналығын күшейту басымдықтар ретінде айқындалған.

Қолайлы қалалық орта бағыты аясында теңгерімді қала құрылысы, көлік ағындарын бейімделмелі басқару, коммуналдық инфрақұрылым нысандарының қуаттылығын арттыру, жалпы экологиялық ахуалды жақсарту және елорданы басқару процестерін цифрландыру көзделген.

Астана қаласының 2026–2028 жылдарға арналған бекітілетін бюджеті шеңберінде елорда шығыстарын жоспарлаудың негізгі тәсілдері мен параметрлері туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Түгелбаева Айжан Әлімқызы баяндады.

Экономиканың белсенді дамуы алдағы үш жылдық кезеңде Астана қаласының жергілікті бюджетіне 3,7 трлн теңге көлемінде кіріс түсуін қамтамасыз етеді. Осы қаражат аясында шамамен 44%, яғни жыл сайын 420 млрд теңгеден астамы әлеуметтік мақсаттарға бағытталады. Оның ішінде: білім беруге – 314,9 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 16,5 млрд теңге, әлеуметтік қорғауға – 49,4 млрд теңге, мәдениет пен спортқа – 34,1 млрд теңге, ішкі, жастар және идеологиялық саясатқа – 7,8 млрд теңге қарастырылған.

2026 жылдан бастап елорда бюджеттік өзін-өзі қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне шығады, яғни алғаш рет жоспарланған алымдар көлемі бөлінетін трансферттер сомасынан асып түсті.

Айжан Түгелбаева атап өткендей: «бізге 787 млрд теңге көлемінде алымдар төлеу қажет, бұл 2014–2025 жылдарды қоса алғанда соңғы 10 жылдағы барлық төлемдердің жалпы көлемінен шамамен екі есе көп».

Сонымен қатар елорда әкімдігі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын жалғастыру үшін 100 млрд теңгеден астам қаражат тапты, ал нақты секторды қаржыландыруға жұмсалатын жалпы шығындар 310 млрд теңгеден асады. Қаражаттың ең ірі көлемі мына салаларға бағытталады: көлік саласына – 146,6 млрд теңге, құрылысқа – 61,8 млрд теңге, энергетикаға – 22,8 млрд теңге, коммуналдық шаруашылыққа – 21,2 млрд теңге.

Шағын және орта бизнесті қолдауға, туризмді және инновацияларды дамытуға 10 млрд теңге қарастырылды.

2026–2028 жылдарға арналған елорда бюджеті міндеттемелердің қажетті теңгерімін қамтамасыз етеді, сондай-ақ 2030 жылға дейін Астананың дамыту жоспарының негізгі басымдықтарын қаржыландыруды көздейді.