
Мәслихат депутаттары Астана қаласының 2025 жылға арналған бюджетіне қорытынды өзгерістерді мақұлдады. Нақтылау жобасын Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Әлімқызы Түгелбаева ұсынды.
Атап айтқанда, жеке кірістер бойынша жоспар 44,8 млрд. теңгеге ұлғайды, бұл 9,2 млрд. теңгеге әлеуметтік саланы қосымша қаржыландыруға, 23,8 млрд. теңгеге нақты секторды қолдауға, 14,3 млрд. теңгеге қалалық аудандардың аумақтарын күтіп ұстау мен дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ішкі қайта бөлудің жалпы көлемі 15,6 млрд. теңгені немесе бюджеттің жалпы көлемінің 1% кем мөлшерді құрады.
Айжан Әлімқызы "осы өзгерістерді қабылдау қаланы дамытудың міндеттемелері мен басымдықтарын ескере отырып, бюджет теңгерімінің неғұрлым сапалы деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді" деп атап өтті.
Әлеуметтік сала бағыты бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету объектілерін дамытуға қосымша 561,8 млн. теңге, орта мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 6 млрд. 587,5 млн. теңге, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге 521 млн. теңге, жастар саясаты, тілдерді дамыту және конфессияаралық қатынастар саласындағы жобаларды іске асыруға 155,8 млн. теңге қолдау ұсынылады.
Қайта бөлу нақты қамтылған контингент пен көрсетілген қызметтерді, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша туындаған үнемдеуді ескере отырып жүргізілді.
Нақты секторды дамыту шеңберінде 23 млрд. 776 млн. теңге бөлінді, оның ішінде жолдарды жөндеуге және жолаушылар көлігін субсидиялауға қосымша 19 млрд. 200 млн. теңге, отын сатып алуға энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауға 4 млрд. 105,5 млн. теңге бөлінді.
Осы бағыт бойынша қайта бөлу аяқталған құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің нақты орындалуын ескере отырып жүргізілді.
Бас жоспарларды әзірлеу және туристік қызметті реттеу бойынша шығындар 576,6 млн. теңгеге ұлғайтылды.
Аудандарды санитарлық тазалауға қосымша 9 млрд. 850 млн. теңге, абаттандыру және көгалдандыру жобаларына 4 млрд. 150 млн. теңге бөлінді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және жұмылдыру дайындығы бойынша шығындар 335 млн. теңгеге ұлғайтылды.
Нақтылау жобасын алдын ала тыңдау барысында депутаттар бірқатар ұсыныстар берді, олар да бюджеттің соңғы нұсқасын дайындауда ескерілді.
Айжан Әлімқызы атап өткендей, "депутаттардың ұсынымдары бойынша мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында Білім басқармасы бойынша 1 млрд. теңгеге, 72, 73, 80 мектептерге қосымша құрылыстар салуға Құрылыс басқармасы бойынша 1 млрд. 200 млн. теңгеге шығыстарды ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізілді".
Осылайша, енгізілетін өзгерістерді ескере отырып, Астана қаласының 2025 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн. 790 млрд. 633 млн. теңге, оның ішінде жеке кірістер бойынша түсімдер 1 трлн. 206 млрд. 777,5 млн. теңге немесе 67%.
"Осы өзгерістер есебінен біз бюджеттік жоспарлау мен атқарудың неғұрлым сапалы деңгейін қамтамасыз етеміз. Атап айтқанда, 2025 жыл бойынша жергілікті даму бюджетіне жұмсалған шығындардың үлесі шығыстардың өзге баптарын қысқарту есебінен 2024 жылғы 12%-ға қарсы 22%-ға дейін жеткізілді. Бұл ретте контингенттің елеулі өсуіне қарамастан, әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде қамтамасыз етілді" деп қорытындылады Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.