Астана қаласының бюджетін нақтылауға арналған пресс-релиз

Астана қаласының бюджетін  нақтылауға арналған пресс-релиз

Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың 2025 жылға арналған бюджетіне өзгерістер пакеті қаралды.

Бұған дейін бюджетке түзетулер депутаттар мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен Қоғамдық кеңестің және Мәслихат комиссияларының отырыстарында қаралған болатын.

Бюджет шығындарының ұлғаюы негізгі секторлардағы экономикалық өсіммен және салықтық алымдардың ілеспе оң динамикасымен қамтамасыз етілген.

Жалпы, елорда бюджеті 98 млрд. теңгеге ұлғайтылады, оның ішінде салық аударымдары есебінен 80 млрд.теңге көзделетін болады.

Айта кету керек, бюджеттен басқа, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ғана 705 млрд. теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47-ға артық инвестиция салған жеке кәсіпкерлер елорданың дамуына елеулі үлес қосуда.

Шығындар құрылымында қаржыландырудың шамамен 70% немесе 70 млрд. теңге жылу энергетикасы және электрмен жабдықтау, нөсер кәрізі және сумен қамтамасыз ету, көліктік ұтқырлық және қалалық орта сапасы саласындағы басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тиесілі.

Жобалар пулын қалыптастыру кезінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, жекелеген аумақтарды су басу проблемаларын нүктелік шешу және коммуналдық қызметтерді үздіксіз қамтамасыз ету бойынша басымдықтар іріктеудің негізгі критерийлері болды.

Атап айтқанда, Тілендиев-Бейсеков көшелері бойынша көлік айрығын салуды жалғастыруға, тұрғын алаптарда жаңа жолдар салуға, жайлы мектептерге желілер тартуға, 7,2 мыңнан астам оқушы орындарына арналған жаңа мектептер мен жапсаржайлар, Мұхамедханов және Айтматов көшелері ауданында жаңа Оқушылар сарайын салуға қаржыландыру қамтамасыз етілді.

Проблемалық мәселелерді шешу үшін Кирпичный және Промышленный тұрғын алаптарында сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәріз желілерін салуға, сондай-ақ кәріз коллекторын Қарабидайық жинақтағышына дейін, Үркер тұрғын алабы ауданы үшін коллекторды реконструкциялауға, жаңа темір жол вокзалы, Триатлон Парк  ауданы үшін тазарту құрылыстарын аяқтауға қаржыландыру бөлінді.

Биылғы жылы "Арай" ҚС аяқтау жоспарлануда, бұл Элингтон перспективалы құрылыс ауданын және Тұран даңғылынан оңтүстікке қарай құрылыс нысандарын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

ТМ-14, жаңа РП, ТП салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ объектілерді орталық жылытуға қосу жөніндегі жаңа жобаларды жобалау жалғастырылатын болады.

Әлеуметтік сала бойынша қосымша 21 млрд. теңге көзделді, олар әлеуметтік көмек төлеуге, медициналық ұйымдарды заманауи диагностикалық жабдықтармен жарақтандыруға, педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге, білім беру объектілерін күрделі жөндеуге, спорт мектептерінің қызметіне және мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бағытталатын болады.

Биыл 3 денсаулық сақтау нысаны, 6 мектеп және 5 балабақша бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Аумақтарға қызмет көрсету мен абаттандыруға қосымша 11 млрд.теңге қарастырылған. Осы нақтылаудың есебімен, осы жылдың соңына дейін 23 қоғамдық кеңістікті жабдықтап, 100-ден астам ауланы жөндеумен қамту жоспарлануда.

Мәслихат депутаттары жалпы елорда бюджетін нақтылау пакетін жалпы оң бағалап, мақұлдады.