АСТАНАДА ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

АСТАНАДА ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

2025 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық 2024 жылғы жұмыс қорытындыларын шығарып, негізгі жетістіктерді атап өтті.

Қаланың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 15 039 бейнебақылау камерасы орнатылды, олардың негізгі бөлігі Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктірілген. Бұл шаралар айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: 2017 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім деңгейі 58%-ға, жалпы қылмыс деңгейі 61%-ға төмендеді.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмыстардың арқасында 2024 жылдың 1 қазанына жергілікті бюджетке айыппұлдардан 48,8 миллиард теңгеге жуық қаражат түсті.

«iKOMEK109» байланыс орталығы елорда тұрғындарының мәселелерін тиімді шешуде. 2024 жылы орталық 2,2 миллион өтініш пен 438 мың оқиғаны өңдеді. Күніне 5-тен 8 мыңға дейін өтініш келіп түседі, оның 82%-дан астамы алғашқы қоңырау барысында шешімін табады.

«QalaQyzmet» қалалық қызмет көрсету орталығы 2024 жылы 200 мыңнан астам қызмет көрсетіп, тұрғындарға коммуналдық және басқа да қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынды. Қазіргі уақытта орталықта 120 түрлі қызмет қолжетімді, оларды кеңселерде, онлайн порталда немесе 1414 арқылы проактивті түрде алуға болады.

2024 жылдың басында іске қосылған «Birge» қалалық қызметтер порталы арқылы 30 мыңнан астам өтініш өңделіп, 25 мыңнан астам кеңес берілді. Сонымен қатар әкімдік құрылымдық бөлімшелерінің 250-ден астам бизнес-үдерісі цифрландырылды.

Тұрғындар мен қала қонақтары үшін «Smart Astana» мобильді қосымшасы жұмыс істейді, ол қалалық өмірдің түрлі салаларын қамтитын 70-тен астам қызмет ұсынады. Қазіргі уақытта қосымшада 30 мың белсенді пайдаланушы тіркелген.

2024 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне шақыру науқаны аясында әскерге шақырылатын азаматтардың медициналық куәләндіру үдерісі толық цифрландырылды.

Бексұлтан Қуандық елорданың инновациялық экожүйесін дамыту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Өткен жылы Astana Hub-пен бірлесіп, қалалық инфрақұрылымға инновацияларды енгізу мен IT-кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Astana Smart City» акселерациялық бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама нәтижесінде 10 стартап өз шешімдерін әкімдік құрылымдық бөлімшелерінде сәтті енгізді.

Жастар арасында техникалық білімді насихаттау мақсатында жыл сайын STEM олимпиадалары өткізіледі. Бұл олимпиадалар оқушылардың бағдарламалау, робототехника және инженерияға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. 2018 жылдан бері Қазақстан мен ТМД елдерінен 2000-нан астам оқушы қатысқан 9 олимпиада ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, 2024 жылы қала оқушылары үшін «Capital No-Coders» тегін курсы іске қосылды, онда оқушылар no-code платформаларын пайдалана отырып, IT өнімдерді жасауды үйренді. 

БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде басқарма ISO 37120 «Қауымдастықтың тұрақты дамуы – қалалық қызметтер мен өмір сүру сапасының көрсеткіштері» халықаралық стандартын енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Сертификаттау аясында Астана экономика, білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік сияқты 19 негізгі саладағы 128 көрсеткіш бойынша бағалаудан өтті.

2024 жылы елордада интернет пен байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасты. 22 нысан қамтылып, жалпы саны 262 5G базалық станциясы орнатылды және іске қосылды.

Сөзін қорытындылай келе, Бексұлтан Қуандық бұл жұмыстардың биылғы жылы да жалғасатынын, қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.