АСТАНА – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ISO 37120 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРТИФИКАТЫН АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАЛА

АСТАНА – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ISO 37120 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРТИФИКАТЫН АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАЛА

Астана тұрақты даму жолында маңызды қадам жасады. Орталық Азия мен Қазақстанда халықаралық ISO 37120 «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар – Қалалық қызметтер мен өмір сапасының көрсеткіштері» стандарты бойынша сертификат алған алғашқы қала атанды. «Silver» деңгейінде берілген бұл сертификат елорданың тұрақты қалалық даму саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін дәлелдейді.

Сертификаттауды әлемдегі жалғыз қалалық сертификаттау органы Дүниежүзілік қалалық деректер кеңесі (WCCD) жүргізді. Астана экономика, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және басқа да маңызды салаларды қоса алғанда, 19 негізгі саланы қамтитын 128 көрсеткіш бойынша мұқият бағалаудан өтті. Сарапшылар экономика, экология және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын жоғары бағалады, бұл ресурстарды басқару мен қалалық жоспарлауда тиімді шешімдердің сәтті жүзеге асқанын растайды.

ISO 37120 стандарты 2014 жылы жасалып, 2018 жылы жаңартылған. Қазір бүкіл әлем бойынша 140-тан астам мегаполис бұл стандартқа сәйкес келеді. Олардың ішінде Лос-Анджелес, Лондон, Дубай Йоханнесбург, Варшава сынды қалалар бар. Енді Астана осы қоғамдастыққа ресми түрде қосылып, болашақтың қаласы мәртебесіне тағы бір қадам жасады.

«Тұрақты қала» жаңа мәртебесі Астана үшін туризмді дамытуда, халықаралық инвестицияларды тартуда, әлемдік әріптестермен байланысты нығайтуда және инновациялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда үлкен перспективалар ашпақ. Бұл қадам Астананы келесі мақсатқа, яғни ISO 37122 «ақылды» қала сертификатын алуға жақындатады.

Астана қаласы тұрғындары үшін қазіргіден де қолайлы жоғары технологияларды пайдалана отырып, инфрақұрылымды жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастыра бермек.