
3 шілде күні Alem.AI халықаралық орталығында Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легінің Opening Day іс-шарасы өтті. Бағдарлама AI (ЖИ) және технологиялық стартаптарға идея мен пилоттық кезеңнен елорданың қалалық инфрақұрылымында нақты қолдануға дейінгі жолдан өтуге қолдау көрсетеді.
Биыл бағдарламаға қызығушылық екі еседен астам артты. Түскен 350 өтінімнің ішінен жасанды интеллект, Smart City және цифрлық технологиялар негізіндегі шешімдерді ұсынған 29 стартап іріктелді. Олардың жобалары қалалық өмірдің негізгі бағыттарын қамтиды: көлік және мобильділік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, экология, туризм, қалалық инфрақұрылым, бизнеске арналған сервистер және ассистивтік технологиялар.
Astana Innovations Accelerator жасанды интеллектті қалалық ортаға іс жүзінде енгізудің маңызды құралдарының біріне айналуда. Бағдарлама аясында стартаптар өз шешімдерін нақты қалалық міндеттерде сынақтан өткізуге, сарапшылармен, қалалық қызметтермен, әлеуетті тапсырыс берушілермен және инвесторлармен жұмыс істеуге, сондай-ақ өнімдерін одан әрі ауқымдауға дайындауға мүмкіндік алады.
«Бүгінде елдер арасындағы бәсекелестік барған сайын өз технологияларын әзірлеу және оларды экономиканың негізгі салаларына жедел енгізу қабілетіне тәуелді болып келеді. Сондықтан біз үшін AI-инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар қуатты технологиялық компанияларды қалыптастыру да аса маңызды. Astana Innovations Accelerator идеядан бастап нақты іске енгізуге дейінгі жолды қысқартып, қазақстандық әзірлемелердің экономиканың ажырамас бөлігіне айналуына әрі жаһандық нарықта табысты бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Opening Day іс-шарасы мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың, стартап қауымдастығының және Қазақстанның инновациялық экожүйесінің өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев және Presight AI Kazakhstan өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев қатысты.
«Бүгінде қала үшін инновацияларды қолдау ғана емес, озық технологиялық шешімдерді нақты нәтижеге дейін жеткізу маңызды. Біз әзірлейтін, қолдайтын және енгізетін барлық жобалар бір мақсатқа бағытталған – тұрғындардың нақты сұраныстарына жауап беріп, қалалық ортаны барынша қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи ету. Astana Innovations Accelerator AI-стартаптардың әлеуетін елорданың нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Үшінші лекке қатысушылар акселерациялық бағдарламадан өтіп, сараптамалық сүйемелдеуге, білім беру тректеріне, қалалық инфрақұрылым базасында өз шешімдерін сынақтан өткізу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар олар өз жобаларын әлеуетті тұтынушылар мен инвесторларға таныстырады.
Presight AI компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев әлемнің түкпір-түкпірінен әлеуетті AI-шешімдерді іздеуге және ауқымдауға бағытталған Presight AI Accelerator жаһандық бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның екінші легіне 62 елден түскен 376 өтінімнің ішінен іріктелген 12 AI-компания енді. Олардың қатарында қазақстандық TrustExam компаниясы да бар. Бұл отандық AI-экожүйесінің жоғары әлеуетін және қазақстандық әзірлемелердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.
«Presight үшін стартаптарды қолдау және AI-экожүйесін дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі. Astana Innovations Accelerator қатысушылары Presight-тің халықаралық сараптамасына қол жеткізіп, біздің жаһандық акселераторымыздың үміткерлер пулының құрамына ене алатынына қуаныштымыз. AI-экожүйесін дамытуда Presight-тің R&D Lab зертханасы да маңызды рөл атқарады. Бұл – озық AI-шешімдерді әзірлеуге, сынақтан өткізуге және пилоттық іске асыруға арналған алаң», – деді Мақсат Қошымбаев.
Биыл бағдарлама практикалық бағытты күшейтіп, AI және технологиялық шешімдерді пилоттық кезеңнен қалалық ортаға нақты енгізуге басымдық береді. Үздік жобалар Қытай, АҚШ және БАӘ-дегі серіктес акселерациялық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болып, жаңа нарықтарға шығуға, халықаралық сарапшылармен жұмыс істеуге, инвесторлармен байланыс орнатуға және жаһандық технологиялық экожүйелерге қол жеткізе алады.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және «Astana Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асырады. Серіктестері – Silkroad Innovation Hub, Presight AI Kazakhstan және Khan Tengri Innovation Hub.
Іріктеуден өткен стартаптар қатарында: