
Damumed компаниясында Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа мәселелері бойынша ашық диалог форматындағы кездесу өтті.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, оған Астана қаласы мәслихат депутаты Сәуле Самидинқызы және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» қалалық коалициясының мүшесі Сұңқар Хангельдина қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері түсіндіріліп, ұсынылып отырған өзгерістер, олардың қоғамдық-саяси маңызы, сондай-ақ конституциялық күн тәртібін талқылаудағы азаматтық қатысудың рөлі жан-жақты сөз болды.
Жиында ашық қоғамдық диалогтің маңызына, сұрақ қою мүмкіндігіне және негізгі өзгерістер мен ұстанымдар бойынша ортақ түсінік қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Қатысушылар пікір алмасып, конституциялық реформаның елдің одан әрі дамуы, құқықтық негіздерді нығайту және қоғамдық сенімді арттыру тұрғысындағы маңызын талқылады.
Сонымен қатар, 15 наурызда жалпыұлттық референдум өтетіні, сол күні әр азамат өз таңдауын білдіріп, дауыс бере алатыны атап өтілді.
Кездесу соңында еңбек ұжымдарымен осындай диалог алаңдарын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Damumed денсаулық сақтау саласындағы цифрлық экожүйенің маңызды қатысушысы болғандықтан, оның қызметкерлерінің қоғамдық маңызы бар мәселелерге белсенді араласуы айрықша мәнге ие.