КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ЦИФРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ СЫН-ҚАТЕРЛЕР

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ЦИФРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ СЫН-ҚАТЕРЛЕР

Қазақстандағы конституциялық реформа мемлекеттің қазіргі заманғы шынайы жағдайларды ескере отырып, орнықты даму моделін қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді. Осы күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі — бүгінгі таңда еңбек, білім беру, кәсіпкерлік және азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылы шоғырланған цифрлық орта.

Жаңартылған Конституция жобасында азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітуге айрықша назар аударылған. Бұл — дербес деректерді қорғау, цифрлық өзара іс-қимылдың қауіпсіздігі, сондай-ақ әрбір адамның интернет пен цифрлық сервистерді қорғалған әрі реттелетін ортада пайдалану құқығы туралы. Аталған ережелер цифрлық шешімдер мен электрондық мемлекеттік қызметтерге деген сенімнің берік іргетасын қалыптастырады.

Цифрландыру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған. Бұл электрондық басқаруды, цифрлық мемлекеттік қызметтерді және сервистерге тең қолжетімділікті, үдерістердің ашықтығын және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға бағытталғанын білдіреді.

Реформаның маңызды құрамдас бөлігі — қауіпсіз цифрлық кеңістікке құқық. Киберқатерлер мен цифрлық алаяқтықтан қорғау шараларын күшейту, сондай-ақ деректермен жұмыс істеуді нормативтік тұрғыда реттеу цифрлық экожүйенің барлық қатысушылары үшін жауапкершіліктің жоғары стандартын белгілейді.

Сонымен қатар, адами капиталды дамытуға ерекше мән берілген. Білім беру, ғылым, мәдениет және цифрлық сауаттылық елдің ұзақ мерзімді өсуі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде қарастырылады. Цифрлық технологиялар білімге қолжетімділікті кеңейтіп, инновацияларды қолдайды және азаматтардың өзін-өзі іске асыруына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Цифрлық басқару жүйесі үшін бұл — айқын бағдар. Цифрлық шешімдер тек технологиялық тұрғыдан дамыған ғана емес, қауіпсіз, түсінікті және адамға бағдарланған болуы тиіс. Бұл мемлекетке деген сенімді нығайтып, елдің орнықты дамуына қажетті жағдайларды қалыптастырады.