АСТАНАДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЭКСПЕРТТІК СЕССИЯ ӨТТІ

АСТАНАДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЭКСПЕРТТІК СЕССИЯ ӨТТІ

Елордада жасанды интеллектті, цифрландыруды, инвестицияларды және Smart City тұжырымдамасын дамыту мәселелеріне арналған эксперттік сессия өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және технологиялық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту кеңесінің мүшелері қатысты.

Сессия модераторы Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Берік Ахметов болды. Ол өз сөзінде осындай кездесулер мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы жүйелі диалог орнатуға мүмкіндік беретінін және елордада AI-бастамаларды енгізу бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға сеп болатынын атап өтті.

Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов елорданы цифрлық трансформациялаудың кешенді тәсілін стратегиялық маңызды бағыт ретінде атап өтті:

«Бүгінгі күні біз үшін жеке цифрлық шешімдерді енгізуден гөрі, қаланың тұтас архитектурасын қалыптастыру маңызды. Бұл – бірыңғай, қауіпсіз әрі басқарылатын жүйе. Жасанды интеллект осы экожүйенің қосымша элементі емес, оның өзегі болуы тиіс. Дәл осылай ғана біз елорданың тиімді және орнықты дамуын қамтамасыз ете аламыз», – деді Евгений Глотов.

Сессия барысында қалалық AI-экожүйені дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Курбантаев ИКТ-инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде баяндама жасап, деректерді беру жөніндегі ұлттық гипермагистральдің құрылысы, Қазақстан–Әзербайжан бағыты бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту және заманауи деректерді өңдеу орталықтарының желісін құру жобалары туралы айтты. Бұл бастамалар тұрақтылық пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов білім беру және адами капиталды дамыту саласындағы бастамалармен бөлісті. Ол астана педагогтарына арналған жасанды интеллект бойынша тағылымдамаларды іске қосу және жыл сайынғы «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Oxford International Study Centre оқу орнында оқуға арналған стипендияларды бөлу туралы хабарлады. Сондай-ақ мектептердің цифрлық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған кураторлық жоба таныстырылды.

Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығының төраға орынбасары Анар Төлеубаева жасанды интеллект саласындағы мамандарды, кәсіпкерлер мен зерттеушілерді біріктіретін Qaz.AI қауымдастығының қызметі туралы баяндады. Қауымдастық жасанды интеллектті қолданудың этикалық стандарттарын дамытып, стартаптарды қолдап, мемлекеттік, жеке және академиялық секторлар арасындағы серіктестікті нығайтуға жұмыс істейді.

Astana Hub басқарушы директоры Жамбыл Махметов AI-бастамаларды акселерациялық және білім беру бағдарламалары арқылы ілгерілету тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында TUMO School, Tech Orda және Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект мектебі — 01 EDU Tomorrow School бар. Бұл платформаларда оқушылар мен студенттер технология мен бағдарламалау саласында практикалық дағдыларды меңгереді.

Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар жасанды интеллектті дамыту, цифрлық инфрақұрылымды нығайту және болашақ экономикасы үшін кадрларды даярлау бағытында күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Астана өз кезегінде жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар саласындағы ұлттық құзыреттер орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуды көздеп отыр.