Astana IT University қабырғасында Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы ұйымдастырған іс-шара өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыру аясында өткізілді. Сессия елорданың цифрлық экожүйесінің дамуын талқылаған сарапшылар мен жас мамандарды біріктірді.
Кездесуді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысының м.а. Бексұлтан Қуандық ашып, жүргізді. Өз сөзінде ол қаланы цифрлық трансформациялау инновациялық тәсілсіз, кәсіби кадрлар мен технологиялық қауымдастық арасындағы үздіксіз білім алмасусыз мүмкін еместігін атап өтті.
Сессия спикерлері ретінде AITU Smart City ғылыми-зерттеу орталығының директоры Дидар Еділхан, PR-кеңесші Шұғыла Сағынбекова, «Астана Innovations» АҚ жобаларды қолдау және технологиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Айбек Ахметбеков, DODGER компаниясының Project Manager Аружан Қалдыбек, ICF-коуч және AI’preneurs бағдарламасының қатысушысы Әділбек Арынов, BAITC қауымдастығының Community Lead Санжар Мадиев және Product Architect Омар Нұрмұхамед сөз сөйледі.
Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, стартаптарды құру мен іске қосу тәжірибесін, Smart City және киберқауіпсіздік салаларындағы үрдістерді, сондай-ақ AI Lab қалалық экожүйесінің мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және кәсіби қызметте нейрожелілерді тиімді әрі қауіпсіз пайдалану мәселелеріне аударылды.
Іс-шара инновациялық жобаларды дамытуға және елорданың өмір сапасын арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді әзірлеуге дайын жас мамандар қауымдастығын қалыптастыруға арналған идеялар мен кәсіби білім алмасу алаңына айналды.