АСТАНАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРА – DIGITAL BRIDGE 2025 ФОРУМЫ ӨТТІ

АСТАНАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРА – DIGITAL BRIDGE 2025 ФОРУМЫ ӨТТІ

2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтті. Бұл аймақтың жетекші сарапшыларын, стартаптарды, инвесторлар мен мемлекеттік органдар өкілдерін біріктірген ең ірі технологиялық алаңға айналды. Форумда цифрлық дамудың стратегиялық бағыттары, жасанды интеллектті енгізу және мемлекеттік әрі технологиялық басқарудың жаңа тәсілдері талқыланды.

Форумды ашу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge жылдар бойы цифрландыру саласындағы жетекші халықаралық платформалардың біріне айналғанын атап өтті. Форум құрылғаннан бері 67 мыңнан астам қатысушыны, 500-ге жуық IT-компанияны және 100 елден делегацияларды жинады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтуды жалғастыратынын атап өтті. Президент өз сөзінде жасанды интеллекттің жаңа дәуірдің негізгі технологиясы ретінде ерекше маңызға ие екеніне назар аударды:

«Біз бұл революциялық технологияның саясатты, экономиканы және миллиардтаған адамның күнделікті өмірін түбегейлі өзгертетінін көріп отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бүгінде жасанды интеллектке салынған жаһандық инвестициялар көлемі бір триллион доллардан асты, ал оның алдағы онжылдықтағы әлемдік экономикаға әлеуетті үлесі жеті триллион доллар деп бағаланады.

Форумның басты тақырыбы Generative Nation болды – бұл технологияларға, жасанды интеллектке және адами капиталды дамытуға негізделген білім қоғамын құру стратегиясы. Digital Bridge 2025 тарихтағы ең ауқымды форумға айналып, 30 мыңнан астам қатысушыны жинады. Форумға Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Кай-Фу Ли, Google сарапшысы Питер Норвиг және өзге де әлемдік IT индустрия көшбасшылары қатысты.

Қалалық технологияларды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған «GovTech дамуы және жасанды интеллектті қолдану: мемлекеттік сектордағы сын-қатерлер мен шешімдер» атты панельдік сессияда қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов сөз сөйледі.

«Біз үшін GovTech – бұл тек үдерістерді цифрландыру емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа өзара іс-қимыл моделі. Мұнда технологиялар көзге түспейді, бірақ сенім мен қолайлылық тудырады. Жасанды интеллект тиімділік, қауіпсіздік және өмір сапасының негізіне айналуы тиіс», – деді Евгений Глотов.

Форум қалалық инновацияларды ұсыну алаңына да айналды. Opening Day Astana Innovations Accelerator аясында қалалық инфрақұрылымды дамытуға, қызметтерді цифрландыруға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 21 стартап-жоба таныстырылды. Сонымен қатар, Demo Day Meta Llama Accelerator барысында «Астана Innovations» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және STEPPE қойған міндеттер бойынша үздік AI-шешімдерді ұсынған 5 жеңімпаз команда анықталды.

Форум аясында Евгений Глотов inDrive, Yandex Qazaqstan, Meta және Amazon Web Services сияқты жетекші халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер қалалық инфрақұрылымға арналған цифрлық шешімдерді дамыту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне арналды.