11 қазанға жоспарланған жалпықалалық сенбілікке орай 9 және 10 қазанда елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағына – Павлодар және Қарағанды тас жолдары аудандарында жетісу қырғауылының 650 басы табиғатқа жіберілді

11 қазанға жоспарланған жалпықалалық сенбілікке орай 9 және 10 қазанда елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағына – Павлодар және Қарағанды тас жолдары аудандарында жетісу қырғауылының 650 басы табиғатқа жіберілді

11 қазанға жоспарланған жалпықалалық сенбілікке орай 9 және 10 қазанда Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен «JARYQ AQ-JOL» ЖШС, «Астана орманы» ЖШС, «Астана ветсервис» ШЖҚ КМК және Ақмола облысы орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағына – Павлодар және Қарағанды тас жолдары аудандарында жетісу қырғауылының 650 басы табиғатқа жіберілді.

Іс-шараға маслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Бұл құстардың биыл табиғатқа жіберілген екінші партиясы. Алғашқы 850 басы 11 сәуірде жіберілген болатын. Жалпы, жыл сайын санитариялық-қорғау жасыл аймағына 1 500-ден астам қырғауыл жіберіледі.

Қырғауылдарды қолдан өсіру мен табиғатқа жіберудің негізгі мақсаты – жасанды орман аумағын құстармен қоныстандыру және зиянкестерге биологиялық жолмен қарсы тұру. Қырғауылдар жаңа аумақтарды мекендеу арқылы ареалын кеңейтіп, зиянды жәндіктердің санын азайтады. Бұл экожүйенің тұрақтылығы мен саулығына оң әсерін тигізеді.

Елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағы қырғауылдар үшін тән жоғары өнімді жерлерге ие: жасыл желектер, қамыс бұталар, жайылымдар және дәнді дақылдардың агроценоздары олардың өмір сүруіне қолайлы орта құрайды. Бұл табиғи экожүйелер ең жоғары алуан түрлілігімен ерекшеленіп, олардың тұрақтылығы мен маңыздылығын барлық аспектілерде – табиғатты қорғау, рекреация және шаруашылық жағынан арттырады.

Қырғауылдар аязға төзімді, оларға ерекше күтім қажет емес, тек қыста азықтандыру қажет. Табиғатта қырғауылдардың тамағы негізінен өсімдік текті: тұқымдар, жидектер, тамырлар мен жасыл бөліктерден тұрады, бірақ мүмкіндігі болғанда олар жануар тектес азықпен, соның ішінде жәндіктермен де қоректенеді.

Қырғауылдарды өсіру 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, ал 2021 жылы осы мақсаттар үшін санитариялық-қорғау жасыл аймағында арнайы «фазанарий» салынды, онда құстарға тұрақты бақылау және қадағалау жүргізіледі.