Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күніне орай Ашық есік күні

Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күніне орай Ашық есік күні

Демікпе – балалар мен ересектерде бірдей пайда болатын жұқпалы емес әрі әлемде ең көп таралған созылмалы аурулардың бірі. ДДҰ мәліметтері бойынша 2019 жылы демікпеге шалдыққан науқастардың саны 262 млн адамды құраған және аталмыш аурудан 455 мың өлім жағдайы тіркелсе керек. Бүгін, 3 мамыр күні №2 көпбейінді қалалық ауруханада Дүниежүзілік бронх демікпесімен күрес күніне орай Ашық есік күні өтті.

Іс-шара аясында тұрғындар бронх демікпесінің өршу қаупі факторларымен танысты және оларды анықтау мақсатында антропометриялық деректерді өлшеу (бойы, салмағы, дене салмағының индексі), қандағы глюкоза мен холестерин деңгейін анықтау, қан қысымының деңгейі, спирометр, пикфлоуметр көмегімен тыныс алу жүйесінің қызметін бағалау арқылы профилактикалық зерттеуден өтті. Демікпе белгілерін анықтау, ингаляторларды, пикфлоуметрді дұрыс қолдану туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, бронх демікпесі мен аллергияның алдын алу бойынша буклеттер мен парақшалар таратылды.

Дәрігерлер демікпе белгілеріне жөтел, қырылы бар тыныс алу , ентігу және кеудедегі қысылу сезімі жататынын атап өтті. Бұл белгілер жеңіл де, ауыр да өтуі ықтимал. Олар мезгіл-мезгіл пайда болып отырады. Бронх демікпесі ауыр болғанымен, дұрыс ем-шаралар арқылы оның белгілерін тұрақыты бақылауға болады. Ауру белгілеріне тап болған тұрғындарға өзін-өзі емдеумен айналыспай, кәсіби маман көмегіне жүгінуге кеңес береміз.