1-7 тамыз аралығында әлемнің барлық елінде Бүкіләлемдік бала емізу апталығы өтуде. Оның мақсаты көпшілікке ана сүтінің бала ағзасы үшін пайдалы екендігін түсіндіру. Қазіргі уақытта Астана қаласының барлық Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен акушерлік блоктарында «Ашық есік» күндері өткізіліп жатыр.
Баланы табиғи жолмен емізу – ана мен бала арасындағы эмоционалды байланысты нығайтады. Біз омыраумен емізуді қолдауға және ол кезеңді барынша ұзартуға шақырамыз. Өйткені «Дені сау бала - дені сау ұлт».
Осыған орай, жас аналарға пайдасы тиер деген ниетпен, баланы дұрыс емізуге қатысты бірнеше пайдалы кеңестер әзірледік. Оқи отырыңыздар.
Баланы дұрыс емізудің артықшылықтары:
- Тамақтандыру қауіпсіздігінің кепілі, баланы инфекциялардан қорғау
- Баланың өсуі мен жетілуіне пайдасы (физикалық және интеллектуалды дамуына)
- Тамақтандыруға қаржылық шығындардың болмауы
Дұрыс емізудің негізгі қағидалары
ДҰРЫС ЕМІЗУДІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ – ОМЫРАУДЫ ДҰРЫС БЕРУ – омырау ұшын баланың таңдайына тигізіп немесе баланың аузына тура емес, сәл жоғары қаратып емізу – дұрыс емізу болып саналады. Бұл жағдайда сүтбез ареоласының төменгі жағы көбірек баланың ауызына кіріп тұрады. Баланың аузын неғұрлым кең аштырған жөн (бұрыш 130-150 гр.), тілі қызыл иектің үстінде болуы керек, сонда ему кезінде анасы ауырсынуды сезінбейді.
МАҢЫЗДЫ: анасы өзімен баласына ыңғайлы болатындай жағдай жасауы керек - баланың беті анасының денесіне бұрылып, басы, иығы мен жамбасы бір сызықта болғаны жөн.