Оның есімін отандық медицинадағы күллі қауым біледі. Пандемияға қарсы күресте өмірін берген дәрігер, кәсіби маман, ең бірінші мықты да мейірімді азамат Иван Ли Иванович елорданың ғана емес, Қазақстан медицинасының дамуына үлкен үлес қосқан.
Іс-шараға ҚР ДСМ, елорда әкімдігінің өкілдері, Иван Ивановичтің бұрынғы әріптестері мен туыстары қатысты.
«Біз Иван Ивановичпен көп жұмыс істедік, көптеген жарқын идеялар болды, Құдай қаласа, бәрін де жүзеге асырамыз. Бір кездері ол осы аурухананы жеткілікті жоғары деңгейге шығарды. Меніңше, өзінің бастамалары жалғасып, тиісті деңгейде дамып жатқанына қуанышты болар еді. Құрметті әріптес, өз ісінің кәсіби маманы, ең алдымен асыл азамат Иван Иванович әрқашан адамзатқа, өз кәсібіне деген сүйіспеншіліктің керемет үлгісі болған және болып қала береді», - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Пандемия кезінде №2 қалалық көпбейінді аурухана алғашқылардың бірі болып Covid-19-ға қарсы күресте орасан зор жауапкершілікті өз мойнына алды, бұрынғы бас дәрігер Иван Ивановичтің бастамасымен Covid-19-ға алғашқы мобильді талдау пункттері ұйымдастырылды. Сондай-ақ оның талантты басшылығымен елімізде алғаш рет 2018 жылдың қыркүйек - қараша айларында екі ірі стационарды: № 2 қалалық аурухананы Астана қаласының №1 перинаталдық орталығымен біріктіру рәсімі сәтті жүзеге асырылған.
№ 2 ҚКА бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев Иван Ивановичті еске алуға қатысқан адамдардың санының көптігін және осы клиниканың жұмысына сіңген ерен еңбегін ерекше атап өтті. Иван Ивановичтің өзі медициналық мансабын ең төменгі деңгейден, санитар қызметінен бастаған. Оның басшылығымен аурухана алғашқылардың бірі болып алдыңғы қатарда күрескен, пандемида адамдардың өміріне алаңдап жүріп, өзі өмірден озды.
Бүгінгі мемориалдық тақта дәрігерге деген зор құрметтің бір бөлігі ғана, шексіз ризашылығымызды толықтай жеткізу мүмкін емес!