Күннің ыстығында денсаулықты қалай күту керек?

Күннің ыстығында денсаулықты қалай күту керек?

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Сабыр Наркулов тұрғындарға кеңес берді.

Бәріңізге мәлім, Астанада аптап ыстық ауа-райы орын алуда. Соңғы екі аптада жедел жәрдемді шақырту саны әдеттегіден 3,5 мыңға артты. 55 жастан асқан тұрғындар арасында артериялық қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуі жиі кездесуде. Бұған күннің ыстығының әсері бар екендігін жоққа шығармаймыз. Осыған байланысты күннің ыстығынан мүмкіндігінше қорғанып, денсаулығыңызды күтуге шақырамыз!

Ең алдымен, сағат 12:00 мен 16:00 аралығында далаға шықпауға кеңес береміз. Күннің төбеге қатты көтерілетін уақыты әсіресе жүрек-қан тамырлар жүйесінде ақаулығы бар егде жастағы тұлғаларға ауыр. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ жандардың өзі ыстық ауа-райынан тынысы тарылып, басы айналып, көзі қарауытуы, жүрегі айнып, күн өтуі мүмкін. Сондықтан да ыстықта көп жүрмей, көшеде көп уақыт өткізбеуге тырысыңыз. Ал балалар мен жануарларды жабық кеңістікте, әсіресе машинада жалғыз қалдыруға болмайды. Серуен уақытын тиімді таңдап, баяу қозғалыс жасауға кеңес беріледі, күн астында белсенді дене қимылын жасамаған дұрыс.

Қатты ыстық ауа-райында тершеңдік артады. Бұл – қалыпты жағдай, ағзамыздың қорғаныш әдісі. Бірақ пайдасы мен қатар зияны да бар. Мұндайда термен бірге зат алмасу үрдісіне қажетті заттар шығады, орнын толтыру үшін қажетті мөлшерде, яғни ғалымдар 1 кг денеге 30 мл судан ішкенді дұрыс деп есептейді.

Сондай-ақ ауа-райына сай жеңіл киініп жүріңіздер. Жеңіл бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік киіп, ағзаңызды сусызданудан аулақ ұстау мақсатында қолыңызда су алып жүруге тырысыңыздар.

Күделікті тағам рационынан ыстық, ауыр, қуырылған, майлы тағамдарды тұтынбауға кеңес беріледі. Бұл тағамдар ағзаға аса ауырлық түсіріп, шамадан тыс күш салады. Ал алкогольді сусындардан аулақ болу және газды, шөл қандырмайтын тәтті сусындардан бас тарту ұсынылады. Мәзіріңізде ағзаңызда қорытуға жеңіл бұқтырылған тағамдар мен сорпа, дәрумендерге бай көкөніс-жемістер көбірек болғаны дұрыс.

Бөлме температурасына көңіл бөлген жөн. Таңертеңгі уақытта терезені бүркеп, кешкі уақытта желдетіп, тазалап алған пайдалы. Көшеден ыстықтап келгенде бірден суық желдеткіштің жанында отыру дұрыс емес. Қаншалықты қапырық ауа-райы борлса да, кондиционерді бәсеңдетіп қойған жөн. Бірден температураны ауыстыру өкпе ауруларына, қызу, суық тиюге әкелуі мүмкін екендігін еске салғым келеді.

Күн ыстықта балалардың субұрқаққа шомылуы кейде вирустар мен зиянды микроорганизмдерді, ішек инфекцияларын жұқтыруға әкеліп жатады. Әсіресе суды жұтынудан сақтаныңыздар. Сондай-ақ барша тұрғындарға белгіленбеген орындарда шомылудан аулақ болыңыздар дегім келеді. Балаларды қадағалап, шомылу ережесін сақтауға шақырамын.

Жылу соққысын алған адамдарды терінің түсі өзгеріп, бас айналу белгілері кездеседі. Өзіңізді жайсыз, әлсіз сезінгенде дәрігердің қабылдауына, мекенжайыңыз бойынша емханада жалпы практика дәрігеріне көрінулеріңізді сұраймыз.

Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Назарларыңызға рақмет!