АИТВ жұқтырған анадан дені сау нәресте дүниеге келген

АИТВ жұқтырған анадан дені сау нәресте дүниеге келген

Былтыр АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 30 жүкті әйел тіркеліп, егіздермен қоса алғанда 31 нәресте өмірге келген. Бұл туралы бүгін «АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу жолдары» тақырыбында өткен іс-шарада  Астана қалалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының дәрігері Людмила Абилова айтты.

 

АИТВ-ның анадан балаға берілуі – денсаулық сақтау саласындағы жауапты әрі жауапты мәселе. Мамандар АИТВ-мен тіркеуде тұрған аналардың сәби сүю мүмкіндігін жоғалтпай, өмірге дені сау ұрпақ әкелу жолдарын көбейтуді көздеуде. Олар АИТВ жұқпасының анадан балаға берілуі науқастардың дәрігер кеңесіне құлақ аспауынан және диагноздың анықталған уақытына тікелей байланысты екенін айтады. Кей жағдайда болашақ аналар қойылған диагнозға сенбей жатады. Дәрігерлер осы себептен де емдеу шараларын ертерек бастауға кедергілер туындайтынын атап өтті.

«АИТВ-мен ауыратын әйелдерде босану әдісін алдын ала таңдайды. Жұқпаның оң статусы бар жүкті әйелдерге міндетті түрде жоғары тиімді антиретровирустық терапиясын (АРВТ) қабылдау шартымен ана болудан бас тартудың қажеттілігі болмайды», - дейді Астана қалалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының  емдеу бөлімінің меңгерушісі Әлия Серғалиева.

Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде терапияның арқасында Астана қаласында АИТВ-мен ауыратын әйелдерден  200-ге жуық сау бала дүниеге келген. Бұл елімізді АИТВ инфекциясын анадан балаға берілуінен бос мемлекет атағын алуға зор ықпал етеді.

Қалалық №3 емхананың  акушер-гинекологы Ақбаян Ғалымқызы «АИТВ сынамасы бар науқас біздің тәжірибемізде күнде кездесе бермейді, десе де өз тарапымыздан көрсетілетін көмекке дайын болуымыз керек. Осы тұрғыдан ақ халатты абзал жандарға да дәрігерлік кеңес керек екенін ескерсек, осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға тек алғыс айтамыз», - деп лебізін білдірді.