Елордада ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орай акция өтті

Елордада ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орай акция өтті

Елордада Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай 15 мамыр мен 21 мамыр аралығында апталық жарияланды. Осыған орай «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде студент жастардың қатысуымен кең ауқымды акция ұйымдастырылды.

Астана қаласында АИТВ-инфекциясын анықтауға жыл сайын 300 мыңнан астам адам тексеріледі. Оның көлемі жыл сайын орта есеппен 12-15%-ға ұлғаюда. Ерте тестілеудің арқасында 84 пайызы араудың алғашқы сатыларында анықталады. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде елордада АИТВ алдын алудың арқасында ауру жұқтырған әйелдерден 280 дені сау бала дүниеге келді.

«Бүкіл әлемде АИТВ-ның таралу тарихы ауыр күйзелістер мен шығындарға толы. Бірақ медицина заманауи жетістіктерінің арқасында бүгінде бізде ондаған мың адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта антиретровирусқа қарсы емдеу мен тұрақты медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясы ЖИТС сатысына ауыспауы мүмкін. Тәжірибе негізінде АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупін төмендету және дені сау балалардың туылуы үшін антиретровирустық терапияның жоғары тиімділігін айтқан жөн. Бұл жетістіктер адамдардың санасында сақталған өлімге апаратын ауру туралы қате түсініктерді толық жоққа шығауға мүмкіндік береді», - дейді Астана қаласы АИТВ-ның алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы.

Қазір Астана қаласында 2000-ға жуық науқас диспансерлік есепте тұр. Антиретровирустық терапияның арқасында АИТВ-инфекциясы созылмалы жұқпалы аурулар қатарына еніп, өлім-жітім азайды. Әлем бойынша соңғы он жылда ЖИТС-тен өлім-жітім 47 пайызға қысқарған.

Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде әлемде Халықаралық ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні өткізіледі. Аталмыш күнге орай акция барысында студенттер мамандардан тегін кеңес алып, АИТВ-ға нәтижесі 15 минутта шығатын жедел тестілеуден өтуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ апталықтың соңғы күні қаламыздағы көрнекті «Бәйтерек», «Ханшатыр», және Қазақстан Темір Жолы бас кеңсесінің ғимараттары кешкі уақытта АИТВ-ның симолы болған қызыл түсте жанатын болады