Қатерлі ісік ерте анықталса, толық айығуға болады

Қатерлі ісік ерте анықталса, толық айығуға болады

Сарапшылардың айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар санының артуына адамдардың денсаулыққа немқұрайлы қарап, уақытылы тексерілмеуі себеп болып отыр. Астанада соңғы деректерге сәйкес, 13 мыңнан астам науқас есепте тұр. Көпсалалы медицина орталығының скрининг бойынша үйлестіруші дәрігері Маржан Канафина аты жаман аурумен күресте скринингтің маңызы жайлы айтып берді.

Қатерлі ісіктің алғашқы сатысында аурудан құлан-таза айығып кеткен науқастар көп, заманауи медицина көптеген қатерлі ісікті толығымен емдеуге мүмкіндік береді. Аурудың бірінші деңгейін толық емдеуге болады. Кейінгі сатыларында науқастың өмірін ұзарту ғана қолдан келеді. Бұл жерде скринингтің маңызы өте жоғары.

Скрининг - ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеу.

Елімізде нақты аурулар бойынша және белгілі бір жас топтары үшін скринингтік бағдарламалар бар:

  • Сүт безі қатерлі ісігі - 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер.
  • Жатыр мойны обыры - 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер.
  • Колоректальды скрининг - 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер.

Скринингтен тіркелу орны бойынша емханадан тегін өтуге болады.

«Скриниг - қатерлі ісіктен болатын өлімді азайтудың бірден-бір жолы. Тексерілу ауруды білдірмейді. Бұл – өз денсаулығымыз үшін жасалатын шара, өйткені бастапқыда аурудың белгілері мүлдем байқалмауы мүмкін», - деді маман