Астанада алғаш рет жас мамандарға арналған мамандыққа қабылдау салтанаты өтті

Астанада алғаш рет жас мамандарға арналған мамандыққа қабылдау салтанаты өтті

Астана қаласының Жоғары медициналық колледжінің он бес түлегі биыл №3 Көпбейінді қалалық аурухананың әріптестер ұжымына қосылды. Көктемде олар дәл осы медициналық мекемеде тәжірибеден өткен еді. Диплом алғаннан кейін жас мамандар №3 қалалық ауруханасында жұмыс істеуді таңдады. Ал бүгін оларды мамандыққа салтанатты түрде қабылдау кеші өтті.

Жас мамандарды құттықтау үшін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Адами ресурстар жөніндегі бас маман Бегаим Алматова қатысты.

«Жаңа өмір табалдырығын аттағалы отырған жастарға ақ жол тілеймін! Адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандарда жауапкершілік басым болуы керек. Біліктілігін арттырып, білімін жалғастырамын деген мамандарға жыл сайын әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі», - деп жас мамандарға ізгі тілегін жеткізді.

Шара барысында мамандар кәсіби борышын адал өтеп, науқастарға қызмет етуге, тәлімгерлер мен аурухана басшыларының кеңестері мен ұсыныстарын бұлжытпай орындауға салтанатты түрде ант берді.

«Дәл осы сәттен бастап мен сіздерді әріптестерім деп атайтын боламын. Сіздерді жаңа жетістіктеріңізбен - жаңа мәртебеңізбен құттықтаймын! Әрқайсыңыздың тағдырыңызға бей-жай қарай алмаймын, ізбасарларымыз, жаңа өмірге аяқ басқалы тұрған құрметті әріптес ретінде жеке өзім және барша ұжым қызметкерлері ақыл-кеңесімен бөлісіп, қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді №3 КҚА директоры Жұлдыз Данбаева.

Медбике және акушер атану оңай емес, сондай үлкен жауапкершілікті талап етеді: әрқашан мейірімді, жанашыр, мұқият болу аса маңызды. Бұл туралы іс-шара спикерлері, аурухананың жаңа қызметкерлерін құттықтауға келген Акушерлік және клиникалық блок бөлімшелерінің меңгерушілері айтты. Жаңадан қатарға қосылған медициналық қызметкерлерге естелік сыйлықтар тапсырылды, әр маманға білімі мен кәсіби тәжірибесі жоғары жеке тәлімгер тағайындалды.

«Әр қызметкер қатарға қосылған жаңа отбасы мүшесі секілді. Бұл маман ретінде алғашқы еңбек қызметі болғандықтан, олардың жадында жағымды эмоциялар қалдырғымыз келді, - деді ҚР Медбикелер қауымдастығының президенті Әлия Мұратова.

Жас қызметкерлерге эстафета беріліп, енді келесі жылы олар мамандыққа жаңа түлектерді ресми қабылдап алатын болады. Бас медбикенің айтуынша, шара игі дәстүрге айналмақ. Бұл кадр тапшылығының алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз.