Елордада дәрігерлерге арналған шеберлік сабағы өтті

Елордада дәрігерлерге арналған шеберлік сабағы өтті

Бүгін №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында травматология және анестезиология саласында тәжірибе алмасу бойынша мастер-класс өтті.

 

Әдетте, ата-аналар жалпы анестезиядан, дәрігерлер отадан кейінгі асқынулардан сақтанады, сол себепті отадан кейінгі кезеңде өз жұмысын жеңілдету үшін аймақтық анестезия әдістері қолданылады, бұл медицина саласында заманауи тенденцияға айналды.

 

Мастер-классқа белгілі дәрігер, травматолог-ортопед Анатолий Коробейников (Қызыл Крест атындағы Қорған облыстық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі), анестезиолог-реаниматолог Вадим Еврейнов (м.ғ.к., академик Илизаров атындағы травматология және ортопедия ұлттық медициналық ғылыми орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері (Қорған қ.) арнайы шақырылды. Оған 40-тан астам елордалық дәрігер қатысты.

 

 «Бұл жерге келу мен үшін мәртебе, Астанаға алғаш ретт келуім. Меніңше, мұнда медициналық көмек өте жоғары деңгейде. Жұмыс орнында бетпе-бет сөйлесіп, тәжірибе алмасу тиімдірек деп есептеймін, ал конференцияларда әдістемелік мәселелерді талқылаймыз. Мұндай мастер-класстарда ортақ шешімдер туады. Әріптестерімнің қандай әдіс-тәсілдерді қолданып жатқанын көріп-байқау, өз тәжірибеммен бөлісу маған да қызық. Балаларға да пайдалы деп ойлаймын», - дейді Анатолий Коробейников.

 

Айта кету керек, ота жасау кезінде көптеген шет елдерде сұранысқа сай анестезияның заманауи түрлері қолданылды.

 

«Операцияның қауіп-қатері секілді анестезияның да асқынуы бар. Сондықтан аймақтық анестезия ең дұрыс тәсіл болып табылады. Анестезияның дәл осы түрі енді ғана тарала бастады. Дегенмен Еуропада аймақтық анестезия қазір жаңалық емес. Еуропалық аймақтық анестезия қоғамы анестезияның бұл түрін белсенді түрде енгізуде. Олар әртүрлі әдістер мен анестезия әдістерінің модификацияларын жұмысқа енгізген», - деді Вадим Еврейнов.

 

Бүгінде әлем дәрігерлері анестезияның улы дәріжесін төмендетудің стратегияларын әзірлеуде. Аймақтық анестезияның маңызы белгілі бір аймақты оқшалауда.

 

«Бұл баланы толық ұйықтатып, жалпы анестезиямен ота жасау емес. Дененің белгілі бір бөлігімен ғана жұмыс істейміз – қол қажет болса, оны оқшаулап, қолға ота жасаймыз. Бұл уақытта бала тынышталып, яғни ұйықтай алады, өкпенің жасанды желдетуіне тосқауыл қойып, науқастың өздігінен дем алуына мүмкіндік береді, сонымен қатар бұл техниканың артықшылығы - операциядан кейінгі кезеңде кез-келген асқынуларды болдырмауға, ауырмай, жақсы әсермен оянуға негіз болады, сондайқ-ақ бізге операциядан кейінгі ерте кезеңде есірткілік анальгетиктерді пайдалануға себеп жоқ. Оған қоса, аймақтық анестезия науқасқа толық бақылау жасауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ресейлік дәрігер.