Балалардың есту қабілетін скринингтік тексеру

Балалардың есту қабілетін скринингтік тексеру

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы сөйлеу тілінде қиындықтар тудырады. Медицинада жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеруге бағытталған аудиоскрининг процедурасы бар. Дәл осы ауырсынусыз және қарапайым тесттің маңызы туралы бізге №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының сурдолог-дәрігері Тальмира Юлтанова айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, есту қабілетінің төмендігі неғұрлым ерте анықталса, сәбилер үшін соншалықты жақсырақ болады. Ерте шақта ота жасалған балалардың өсіп-жетілуде өз құрдастарынан еш айырмашылығы жоқ. Бұл жерде аудиоскрининг үлкен рөл атқарады.

«Қалыпты есту қабілеті бар нәресте бірінші рет тесттен өтпей қалатын кездер болады, мұндайда ол тұрғылықты жері бойынша емханаға профилактикалық тексеруге жіберіледі. Бұл кезеңдегі нәтиже ойдағыдай болса, алаңдайтын ештеңе жоқ. Кей себептерге байланысты науқас екінші мәрте аудиоскринингтен өтпесе, аспаптық диагностикалық егжей-тегжейлі тексерілуге жіберіледі. Ол - баланың есту қабілетінің деңгейін көрсететін тиімді әдіс. Құлағы мүлде естімейтін жағдайда кохлеарлық имплантация қою ұсынылады. Барлығы әр науқастың ауру сатысына қарай жеке қарастырылады», - деді Тальмира Юлтанова.

Тек осы жылы №2 КҚБА-да 500-ден астам есту қабілетін жақсарту бойынша ота жасалған, оның ішінде 65-і - кохлеарлық имплантация отасы.

«Олардың ішінде бізде екі жақты құлағының мүкісі бар науқасқа сүйек өткізгіштік имплант орнатылды. Бұл - өте сирек кездесетін операция», - деп атап өтті дәрігер.