
Бүгін 17 қараша – Халықаралық шала туған нәрестелер күні.
Бұл мереке 2011 жылдан бастап атап өтіледі. Жылына жер шарында 15 миллионға жуық бала туылса, оның ішінде әрбір оныншы бала шала туылады.
Елордамызда биылғы он айда 1422 нәресте шала туылса, 2021 жылы бұл уақытта 1401 нәресте дүниеге келген еді. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің денсаулығының жақсаруына неонатолог мамандардан бөлек, өзге де бейінді мамандар үлкен үлес қосып отыр. №2 Көпбейінді қалалық аурухана базасында биыл 137 бірегей ота жасалды.
Сондай-ақ биыл елордалық 5 неонатолог, 6 акушер-гинеколог жергілікті бюджет қаражаты есебінен Израиль, Түркия елдерінде оқытылды, тағы 12 акушер-гинекологтың шетелде біліктілігін арттыру жоспарлануда.
Ақ халатты абзал жандардың ерекше күтімінің арқасында бұл балалар тез жетіліп, қатарға қосылады. Еліміздің ертеңі – балаларымыздың болашағы жарқын болсын! Әр сәби бақытты болуға лайықты!