
Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылған жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.
«Жаңа дәуір серпіні» номинациясының жеңімпазы болып №2 Көпбейінді қалалық ауруханасының қалалық эндоскопия сараптамалық орталығының жетекшісі Алмас Жантасұлы Исмайлов танылды. Ол енгізіп жатқан заманауи емдеу әдістерінің арқасында әртүрлі асқынулары бар пациенттердің 30-ға жуығына күрделі ота жасаған. Сонымен қатар, оның жетекшілігімен жоғары технологиялық емдік эндоскопия бағыты қарқынды дамып келеді. Бұрын мұндай араласулар көбіне хирургиялық немесе жарақаттау тәуелділігі бар әдістермен жасалатын.
Ал «Жыл тәлімгері» номинациясы бірден екі дәрігерге берілді. Олар – №2 Көпбейінді қалалық ауруханасының 40 жылдан астам еңбек өтілі бар хирургиялық мәселелер жөніндегі директор кеңесшісі, Жақсылық Ақмырзаұлы Досқалиев және №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пунктінің меңгерушісі Баймаханбет Қалдыбайұлы Сәдуов.
Жақсылық Досқалиевтің жетекшілігімен 250-ден астам тәжірибелік сабақ өткізіліп, оған мыңнан астам жас маман қатысты. Ал Баймаханбет Сәдуов бүгінгі күнге дейін студенттер мен жас мамандарды балалар хирургиясы және травматологиясы бағытында оқытып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде ол 207 ота жасаған.
«Жаңа күннің дәрігері» номинациясының жеңімпазы болып №8 Қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Ләззат Қанибекқызы Тоқтыбаева анықталды. Оның жоғары кәсіби біліктілігі мен профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыруының нәтижесінде бекітілген учаскеде ана мен сәби өлімі, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен туберкулездің асқынған жағдайлары тіркелмеген.
«103: өмір серпіні» номинациясы Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының көшпелі бригада дәрігері Жалғас Рамазанұлы Насымбаевқа бұйырды. Ол кеңірдек интубациясы (10 секундтан аз уақытта орындау), ашық бас-ми жарақаттары кезінде кеңірдекке тілік жасау және басқа да күрделі медициналық манипуляцияларды жоғары деңгейде меңгерген.
Биыл алғаш рет тағайындалған «Фарма-код» номинациясының жеңімпазы әрі үздік фармацевт атанған №5 Қалалық емхананың дәріхана меңгерушісі Айгүл Жеңісқызы Рахимова болды. Ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында 38 жылдан астам еңбек етіп келеді, оның 16 жылы №5 Қалалық емханада өткен.
«Жаңа ұрпақ дәрігері» номинациясында №12 Қалалық емхананың педиатр дәрігері Гүлмира Махмуддинқызы Пирманова үздік деп танылды. Ол өзінің 30 жылдан астам еңбек жолын педиатрия саласына арнаған.
«Сәби сәулетшісі» номинациясының иегері – Қалалық перинаталдық орталықтың диагностика, бақылау және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, акушер-гинеколог дәрігер Мадина Жұмабайқызы Өтелбаева. Көп жылғы еңбек тәжірибесінде мол кәсіби шеберлік қалыптастырған маман 2025 жылдың қорытындысы бойынша 850 босануды қабылдаған.
Ал «Алғашқы тыныс сақшысы» номинациясының жеңімпазы болып №1 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының «Педиатрия №1» бөлімшесінің меңгерушісі Айнұр Абсұлтанқызы Әбдікәрімова танылды. Оның білімі мен қажырлы еңбегінің арқасында шала туған, салмағы небәрі 500 грамнан басталатын жүздеген сәби өмірге бейімделіп, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды.
Әрбір жеңімпазға демеушілердің қолдауымен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Мерекелік салтанатты іс-шара Медицина қызметкері күніне орай Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтті.